Pavlodar Hub өңірлік алаңында Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановпен кездесу өтті. Іс-шара барысында өңірдің IT-экожүйесінің даму динамикасы және жүзеге асырылып жатқан стартап-жобалар таныстырылды.
Торайғыров университеті бұл кездесуге белсенді түрде қатысты. Университет студенттері өздерінің технологиялық әзірлемелері мен стартап-бастамаларын ұсынды.
МИС-22н тобының 2-курс магистранты Азизбек Тәтенов Medora жобасын таныстырды. Бұл жасанды интеллект негізінде әзірленген веб-қосымша болып табылады. Жоба әртүрлі аурулардың белгілеріне бастапқы талдау жүргізуге арналған, әсіресе терідегі өзгерістерді талдауға басымдық береді. Платформа пайдаланушыға терінің проблемалы аймағының суретін жүктеп, машиналық оқыту алгоритмдері арқылы қалыптастырылған алдын ала талдау нәтижесін алуға мүмкіндік береді.
CS-302 тобының 3-курс студенттері Станислав Кириченко мен Ислам Күленов Involve Ecosystem жобасы аясындағы шешімдерін таныстырды. Аталмыш жоба - мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған экожүйе. Ұсынылған әзірлемелер қатарында:
қалалық инфрақұрылымның қолжетімділік цифрлық картасы;
Unity Action қалалық іс-шаралар платформасы;
жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жаңалық контентін генерациялауға арналған NeuroNews веб-қосымшасы бар.
Кездесу барысында облыс әкімі студенттік жобалармен танысып, нақтылау сұрақтарын қойып, оларды одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Іс-шара соңында ол стартаптарды тәжірибелік іске асыру кезеңіне жеткізудің маңыздылығын атап өтіп, олардың нәтижелері тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін де маңызды болуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ұсынылған бастамалар болашақта Higgsfield секілді ауқымды технологиялық компанияларға айналуы мүмкін екеніне сенім білдірді.
Торайғыров университеті студенттерінің осындай кездесулерге қатысуы өңір жастарының жоғары әлеуетін және олардың Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға үлес қосуға дайын екенін көрсетеді.




