Торайғыров университетінің өкілдері «Инженерлік және өндірістік жүйелердегі жасанды интеллект: үрдістерді оңтайландыру мен автоматтандыру шешімдері» атты ғылыми конференцияға қатысты.
Ғылыми қауымдастықтың кездесуі инженерлік және өндірістік жүйелердегі жасанды интеллектке арналды.
Іс-шараның басты мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, пікірталас алаңдарын құру, тәжірибе алмасу және заманауи инженерлік технологияларды енгізу. Конференцияға АҚШ, Қытай, Малайзия, Польша, Түркия, Беларусь, Әзербайжан және Өзбекстан елдерінің ғалымдары мен инженерлері қатысып, жасанды интеллекттің өндірістегі жобалау, басқару және оқыту әдістерін қалай өзгертетінін талқылады. Нәтижесінде ортақ сараптамалық орта қалыптастыру жоспарланған.
– Осындай деңгейдегі халықаралық конференцияға қатысу – өз зерттеулерімізді таныстырумен қатар, әлемдік әріптестердің озық тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ғылыми күштерді біріктіру тұрақты технологиялық даму мен инженерлердің жаңа буынын дайындау үшін аса маңызды. Жасанды интеллект ғылыми зерттеулер мен практикалық шешімдердің жаңа көкжиектерін ашады, сондықтан біз кәсіби байланыстарды нығайтып, Қазақстан университеттерінің академиялық әлеуетін дамытуымыз қажет, – деп атап өтті ToU ректоры Нурлан Медетов.
Конференция бағдарламасы алты ғылыми бағытты қамтыды, оның ішінде тау-металлургия саласындағы цифрлық трансформация, табиғи ресурстарды басқарудағы жасанды интеллектті қолдану, архитектура, жобалық менеджмент және білім беру салалары бар. Барлығы 250-ден астам ғылыми баяндама ұсынылып, секциялық отырыстарда 150-ден аса зерттеуші сөз сөйледі. Олардың 50-ге жуығы ғылыми жетістіктері үшін марапатталды.