ӨРТЕНІП КЕТКЕН ӨР ТҰЛҒА

(Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған музыкалық-әдеби кеш)

1-жүргізуші

Батар күн, келер күн, атар таң, шығар күн

Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.

Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,

Осы мен сірә де өлмейтін шығармын.

2-жүргізуші

Өмірім, сірә да, әріден басталған,

Әріден басталып, мәңгіге тасталған.

Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,

Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын.

1-жүргізуші

Бүгін Мұқағали жұлдызы қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жанып, жарқырап көрініп тұр. Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым жұлдыздарындай көзге оттай басылып, ыстық көрінетін ол жұлдызды басқаларының жұлдыздарымен шатастыру мүмкін емес.

Атырауға барсаң да, Арқа мен Алтайға барсаң да алдыңнан Мұқағали шығады, Мұқағали жұлдызы жарқырайды.

Австралияның не немістердің құйып қойғандай костюмін кимей-ақ, галстугін тақпай-ақ, біресе сәбише шаттанып, ақ түйенің қарны жарылғандай ақ жарқын, бірде қайғысын қара жерде ауырсынардай кейіпте, енді бірде ақылы мен сезімін көзінен ғана ұқтырған сәл мұңдылау түрінде қарсы алдында қасқая қарап тұрғандай. Мұнайшы да Мұқағали әнін салады, балықшы да, малшы да Мұқағали жырымен айта алмай жүрген ойларын жұртқа естіртеді, Катонқарағайда қалған қарындасының сағынышы ма, дауылы Махамбет боп дауыстаған құм Нарындағы ақын жанды бауыры ма, Асан қайғы аруанасының ізінен өнген Шардараның шарқ ұрған шағаласы ма, бұлттары өлең боп құшқан Оқжетпестің көк тасты қиясындағы қарағайы, әйтеуір бәрі Мұқағали болып сөйлейді, Мұқағали болып ән салады.

Бұл – қапас қуыста демің тарылғанда төбедегі нүктедей тынысыңды кеңейтер таза ауа секілді құдірет. Нағыз өнер құдіреті деген осы. Бұл – поэзия құдіреті.

2-жүргізуші

Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден - деп жырлап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл 80 жасқа толар еді. Жыл керуені алға жылыжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтыла түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық.

(Ақын өмірі туралы слайд көрсетіліп жатады)

1-жүргізуші

М. Мақатаев Алматы облысы, Райымбек ауданында, Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Мұқағалидің азан шақырып қойған толық аты – Мұқаметқали. «Пайғамбардың атын түгел айту балаға ауыр болады», - деп еркелетіп, қысқартып Мұқағали деп атап кеткен. Ақын 10 жасыныан бастап өлең жаза бастайды. Ақын ауылдың кеңесінің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілішісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, жазушылар одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарады. Көптеген жинақтарын оқырман қауымға ұсынды: «Армысыңдар достар», «Шуағым менің», «Аққулар ұйықтағанда», «Дариға жүрек», «Өмір дастан», «Өмір-өзен». Бүгінде ақынның өлеңдері поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды. Хан тәңірдің биік шоқтығындай болған ақын өлеңдеріне кезек берейік.

(«Менің анкетам» өлеңі оқылады)

2-жүргізуші

Шетінен өлең-жыры шұғылалы,

Әр қырын, біз түсініп болған жоқпыз, ұғып әлі.

«Шын поэзия жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды» - деген еді Шелли Хан. Мұқғали поэзиямен қалай сырласқанын тыңдап көрелік.

(«Поэзия» өлеңі оқылады)

2-жүргізуші:

Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын.

Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен,

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген...

деген ақын өлеңінің сырларын суреттеп, бояумен өрнектеген «Дизайн» бөлімінің  аға оқытушысы Ықыласова Майса Қамысбайқызына сөз берсек..

(Слайд көрсетіледі)

1-жүргізуші

«Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім», - деп тіршіліктің жұрт көзіне көріне бермес сәттерінің бәрінен сезімге толып, шарқ ұрған ақын кім?

Өмірлік мақсаты, жырларының құдіреті жайында, туындаған сауалдарға жауапты оның жүрек лүпілі мен сезім құдіретінен құйылған қанық бояулы

жырларынан іздестіреміз.

(«Әкеме», «Анама», «Автограф» өлеңдері оқылады)

2-жүргізуші

Таулар, таулар, тауларым-ай!

Сағынысып қаппыз ғой тарланым –ай!

Таудағыдай еш жерде күн шықпайды,

Түн болмайды еш жерде таудағыдай.

Тау менің несібеме тиіпті ерек,

Мендегі шаттық бөлек, күйік бөлек.

Ақсақалдар: - Таудай бол –дейтін маған,

Таудай болғым келеді биік керек. Осылайша тереңнен толғаған сыршыл ақын өмірден өз биігін іздеумен өтті. Ол биігі – Туған халқы, Ана тілі, Атаменкені.

(«Үш бақытым», «Туған жерге», «Отан туралы», өлеңдері оқылады «Сарыжайлау» әні орындалады)

1-жүргізуші

Қазынам бар

Біреуге берсем бе екен?

Өкпелейді-ау бермесем,

Берсем, бөтен.

Бар байлықты қойныма тығып алып,

Әлде мына құмдардай өлсем бе екен? Мұқағали қазынасы, әрине, - өлең, досы да өлең.

2-жүргізуші

... Махаббат бүгін және қарамады,

Қарамады...

Жанымды жаралады.

Шәміл-ау,

Білесің бе?

Шын махаббат –

Осылай қарамаудан жаралады! Иә, нәзік жанды ақынның жүрегінің шынайы іңкәрлік сезімі махаббатқа ұласады.

(«Махаббат диалогы», «Сен әлі тірі ме едің», «Ғашықпын» өлеңі оқылады,махабабт туралы ән орындалады)

1-жүргізуші

Масайрап жатқан бұл бір асыл арна,

Арнасы адамымен ашыларма.

Ерлігі ұлдарының аңыз болып

Жыр болған сұлулары ғасырларға.

Махаббат символына айналып, аңыз болған Баян менен Қозыдай ғашықтарды дәріптеген Мұқағали Мақатаетың «Аягөз ару» әніне кезек берейік.   

2-жүргізуші

Жапырақ – жүрек, жас қайың,

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың? – деп, ақ қайыңмен тілдескен ақын ана-табиғаттың жұпар иісін аңқытып, сұлулық әлеміне бойлайды.

1-жүргізуші

М. Мақатаевтың ақын ретіндегі басты тақырыбы – өлең өнері еді. Ақын өлеңнің жақсылығын, құндылығын көрсетеді. Шыр етіп жарық дүниенің есігін ашқаннан сәбиді жылы құшағына алып, әлдиін жырлайтын жан ана. Бала үшін ең бақытты сәт анасының жұмсақ алақанында жатқаны болса, ананың шаттыққа толы сәті, сәбиінің кіршіксіз шат күлкісі, ана тіршілік бастауы болғандықтан, ана туралы «Шеше сен бақыттысың» - деп жырға қосады. «Аққу – киелі құс». Олар екеу болып қана өмір сүреді. Аққуды қазақ ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп ұғады. Киелі, құс төресі деп санап оған ешқашан оқ атпайды. Оған дәлел ақынның «Аққулар ұйықтағанда поэмасы».

(«Шеше сен бақыттысың», «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді)   

1-Жүргізуші

Ақынды ақын оятпаса, болмайды,

Ақынды ақын таяқтаса, ол қайғы.

Ақынға ақын басынан-ақ жуықты,

Барлық ақын бір анадан туыпты. Мұқағали туралы Шәмшінің естелегінен. «Мұқағали екеміз мұңдас едік. Армандас едік.

-Шәмші сен бақыттысың. Сенің әндерің жұртышылыққа тарап кетті. Сен өлсең де, халқың сені ұмытпайды, - дейтін ол.

- Мен емес, қайта сен бақыттысың.

- Неге?

- Ақын-еркін құс. Ойындағысын бүкпелемей айта алады. Айтылған сөз – атылған оқпен тең, қайтып орнына келмейді, қорамсағында неше оғы болса, қалаған кезінде атып жібереді. Ақынның ақындығы осында, - деп Шәмші ағамыз сағына еске алады екен.

2-жүргізуші

Бір жыл ішінде туып, ән-жыр көгінде қатар жарқыраған қос жұлдыз бірінен-бірі бір сәт ажырасса сағынатын, алыстап кеткен сәттерінде бірін-бірі іздеумен өтті, бірін-бірі аңсаумен болды.

(«Шәмілге жазған хаттардан» өлеңі оқылады)               

1-жүргізуші

Ақындардың көмейінен жыр ақса,

Кейбіреулер жыр бәйгеде жүр ақсап.

Бақыт деген – асыл болса, бір мысқал,

Бақыт деген – уақыт болса, бір-ақ сәт. Бақытты құрайтын махаббат па әлде махаббатты құрайтын бақыт па деген түйіні тереңде жатқан сауалды ақын өзінше тұжырымдайды.

(«Бақыт деген» өлеңі оқылады, «Сәби болғым келеді» әні орындалады)

2-жүргізуші

Болашақ бүгіннен басталады, яғни бүгінгі жастар, зиялы азаматтар. Қоғам қай кезде де біліктілік пен білімділікті, парасаттылық пен ақылдылықты талап етеді. Сол талаптарға сай болу үшін жастар білім ізіне түсіп, мол еңбек етіп шыңдалып, өздерін танытуға тырысу үстынде. Белсенді, отаншыл жастар біздің арамызда.

1-жүргізуші

Поэзия деген құдіретті өнерді бағалап жүрген студенттердің шығарған жыр шумақтарына кезек берейік.

2-жүргізуші

Қымбатты достар! Ақынның шығармаларының бәрін біріктіріп оқып қарағанда, оның шығармалары бір үлкен поэма іспетті. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма.

1-жүргізуіші

Сырым да –осы,

Жырым да –осы,

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

... Мұхаңдар жоқ,

Махандардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

2-жүргізуші

Қарасаз, қарашалғын өлеңде өстім.

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев

Өлтіре алмайды, алайда өлеңді ешкім.

1-жүргізуші

Сен қазақтың қазақтығын жырладың,

Ашып айттың қазағымның мұң-зарын.

Сол даңқыңды ұрпағыңа жеткізген

Қара өлеңнің – жалындаған жырларың.

Зулап күндер, жылдар аунап барады,

Жырларыңнан қазақ бақыт табады.

Қадіріңді сәл кешірек білсек те,

Мәңгі есімің жадымызда қалады.

(«Есіңе мені алғайсың» әні орындалады)

2-жүргізуші

Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазынасы.

1-жүргізуші

Құрметті тыңдарман қауым! Қазіргі жас ұрпақтың бойын жақсылыққа, ізгілікке, өз ұлтын сүйе білуге баулысақ, сол арқылы мына күрмеуі көп қиын заманда бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емес.

Осымен кешіміз аяқталды. Келіп тыңдағандарыңыз үшін рахмет. Қош, сау болыңыздар!

 

Бөлім меңгерушісі: Аманова Г. К.

КжБ-401 тобының студенті: Ашетаева А. Қ.