Құпияға толы Отырар Сырдарияның сары даласы Қызылқұмның солтүстік-шығыс алқабын бойлаған. Тізбектелген қорғандар бірнеше мыңдаған гектар жер көлемінде созылып, ұзақ шақырымдарды алып жатыр. Ықылым мәдениеттің шырақшысы іспетті бұл қорғандар сырын ішіне тығып, бүк түсіп жатқандай. Кезінде өркениеттің ордасы, ғылым мен білімнің бел ортасы, мәдениет пен өнердің сарайы, сауда мен кәсіпкерліктің өзегі болған Отырар бүгін қорған мен төбе болып, өлі қалаға айналған. Тіршілігі бірнеше ғасыр бұрын өшкен шаһарды бейне бір беймәлім күш қорғап тұрғандай. Бүгінгі әңгіме орта ғасыр дәуіріндегі көркейген Отырар кентінде орналасқан, аты аңызға айналған әлемдегі ірі кітап қорларының бірі Отырар кітапханасы турасында болмақ.

Аты аңызға айналған кітапхана

Отырар шамамен V ғасырда белгілі бола бастаған қала. Тарихи жазбалар авторларының айтуынша, ежелден бері Отырардағы кітапхананың даңқы жер жарған екен. Мұнда қой терісімен қапталған қыпшақтар шежіресі, араб дастандары, теріге жазылған кітаптар, балық қабыршақтарымен әрленген үнді дастандары, мұсылмандар мен христиандардың өсиеттері, көркем және ғылыми кітаптар, өлеңдер жинақтары, дәріқағаздар, саяхатшылардың жазбалары, діни әрі өте көне әдебиеттер әлемнің әр түкпірінен әкелінген деседі. Ғалымдардың пайымынша кітапхана қорында бабылдықтардың қыштан күйдірілген тас кітаптарынан бастап, түркі, парсы, қытай, грек, еуропалық тілдеріндегі кітаптар болуы әбден мүмкін. Ал ғұндардың өздері өз тілінде жазбалар қалдырып, географиялық карта сызған деседі. Бұл кітапханада ежелгі сына жазумен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, ортағасырлық Еуропа, Араб және Қытайдың көрнекті ғалымдарының шығармаларына дейін жинақталыпты. Ғасырлар тоғысында кітаптар қоры әлемнің әр түкпірінен мыңдаған әдебиеттермен толыға берді. ХІІ ғасырдың аяғында Отырар кітапханасы атақты Александрия кітапханасынан кейінгі ең ірі кітапханаға айналды дейді көне шежірешілер. Бұхар тарихшысы Рузбейханның мәлімдеуіне қарағанда Отырардың қолжазба кітаптары Сығанаққа дейін таратылған. Мұның өзі Отырарда моңғол шапқыншылығынан кейін де бұрынғыдай болмаса да кішігірім кітап қоры болған деп жорамалдауға әбден болады.

Ұшырған ұя

Отырар кітапханасы орта ғасырлық дәуірде әлемдік өркениеттің дамуына теңдессіз үлес қосқан кешенді білім ордасы болғаны белгілі. Ертеректе Фараб аталған бұл аймақтан күллі дүние жүзіне мәшһүр, әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар көп шыққан. Отырар жаһандық өркениетке ықпалды болған дарындар мен талапты 22 Әл-Фарабидің отаны болған. Солардың арасынан туған қаласының атын жер-көкке шығарып, Отанының абыройын асқақтатқан, Аристотельдің шәкірті, Авиценаның ұстазы, элиндік ғалымдардың еңбектерін қыпшақ тіліне тәржімалаған аудармашы Әбу- Насыр Мұхаммед бен Мұхаммед Тархан әл-Фараби Отырар кітапханасында білім нәрінен сусындап өскен.

Шырақшы

Ғалымдар мен елшілер, сапсыған саудагерлер керуендер мекені, қолөнершілер, зергерлер шеберханалары мен наубайханалар қызу қайнасып бейбіт өмір кешіп жатты. Кенеттен жау қолы Отырардың саналы да салиқалы тіршілігінің астан-кестенін шығарды. Отырар алты ай бойы жауға берілмеді. Қыпшақтың Баба-ата, Сығанақ қалалары қиратылып, Бұқара, Самарқант, Хиуа сияқты барлық Хорезмдік мемлекеттері талқандалғанның өзінде Отырардың қамалы мықты болды. Отырарлық кітаптардың шырақшысы – Сұнақ руының баласы, оқымысты, көріпкел, Отырар кенті жайындағы «Хикая» поэмасының авторы Хисамуддин абыр-сабыр уақытта құнды кітап қорын жер асты өткелдеріне жасырып тастаған деген болжам бар тарихшыларда. Ия, бұл жорамал ғана. Нақты оның кітаптарды жасырғаны, қайда тыққаны, жалпы кітапхананың болғаны жайында да еш жазбада таңбаланып қалған мәлімет жоқ.

Отыз жыл бұрын Көкмардан төбелерінің маңынан борсық қуалаған бір малшының иті іннен араб тілінде жазылған көне заманда беттелген кітапты аузына іліп алып келеді. Тарихшыларға бұл бір ілік болды.

Отырар аңыздарына сай кітапханадағы кітаптарды өзі ғана білетін жер асты жолдарына Хамсудиннің тыққаны рас болса, онда қазақ халқына өлшеусіз дүниелер табылып, тарих беттеріндегі көп сұрақтарға жауап табар ма едік?

Мәдениетке қиянат

Отырар кітапханасы 1220 жылы ғана жермен жексен болды. Ал, Александрия кітапханасы 391 жылы өртелген болатын-ды. Осы екі аралықта, 830 жыл бойы жаһанның ең үлкен кітапханасы Отырарда болған дейді тарихшы мамандар. Ал, алғашқы кітапхананы шумерлерді 600 жыл билеген біздің даладан шыққан көшпенділер – Қасситтер ойлап тапқан деген дерек те бар тарих беттерінде. Осы дерекке қарағанда Шығыс өркениеттің қайнары болғаны шын. Демек, бұл деректер Фараб өлкесінде әлемдегі ең ірі кітапхананың болғанына сеніміміз арта түседі.

Мыңдаған көне кітаптар, есімі ескі дүниеден естілмей қалған ғалымдардың еңбектері табылар ме еді?! Жер жүзіндегі атағы аңыз болған кітапханалар өртелген, қиратылған. Александрия мен Карфаген, Хиуа, Ташкент, Самарқант, Бұхарадағы кітапханалар мәдениетке қаскөй адамдар тарапынан талқандалып, жоқ болды. Ал Отырар кітапханасының кітаптарының бағына орай көне дәуірлік кітапханалар қорымен салыстырғанда табылуы бек мүмкін. Ірі кітапханалардың өртелгені жайында айтқан да жазған да деректер баршылық тарихта. Алайда, Отырар қаласындағы кітапхана өртеліп кетті деген дерек еш жерден кездеспегені бізге зор сенім ұялатыны сөзсіз.

Қазына іздеушілер

Ежелгі Отырар өңірі тарихының ашылмаған сырлары әлі де көп. Солардың бірі адамзат тарихындағы ең ірі кітапханалардың қатарында саналатын Отырар кітапханасын іздестіру болып табылады. 1903 жылы орыстың белгілі ғалымы, археолог А.Черкасовтың Отырар қорғандары тығып жатқан әйгілі кітапхана туралы жинаған шынайы әрі аңыз деректері мен өлі қала төбелерінде жасаған қазба жұмыстары да жер асты жолдарына жол тауып бермеді. Бүгінге дейін жеткен халық ауызындағы аңыз әңгімелер және логикалық тұжырымдар негізінде кітаптар жер асты өткелдерінде тығулы жатыр деген болжам жасайды ғалымдар. Кітапхананың табылуына жан-жақты зерттелуіне орасан еңбек етіп келе жатқан тарихшы Еренғайып Омаров бұл мәселеге ЮНЕСКО-ны тарту керек шығар деп мәлім етеді.

Отырар кітапханасы туралы кереғар пікірлер де бар. Мәселен, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайының директоры Нұртаз Алдабергенов Отырар кітапханасы туралы аңыздарға көркемдік туынды ретінде қарайтынын жасырмайды. Ол өз сөзінде: «Кез келген орта ғасырлық қалада, сол сынды Отырар кентінде де өз кітапханасы болғаны анық. Ал, Шығыста кітап әрдайым құнды қазынаға баланған. Егер шын мәнінде де отырарлықтар кітапхананы тығып тастағаны рас болса, көрші жатқан мемлекеттердің ғалымдары мен оқымыстыларының көзінен таса болмайтыны хақ еді. Сол Орта ғасырдың өзінде Отырар кітапханасын аңдып, қам-қарекетін жасар еді ғой», – деп мәлімдейді.

Аңыз бен ақиқат

«Қайнар» университетінің ректоры, тарихшы Еренғайып Омаров осы аңызды былайша өрбіткен: «Философтар «жер бетінде алдымен сөз пайда болған» дейді. Шығыстың дана бір патшасы әлемнің ғұлама ғалымдарын жинап алып, сол сөзді табуды тапсырады. Аңызда оны іздеудің ұзақ жылдарға созылғаны айтылады. Әрине, кітаптардың көмегімен іздестірілетіні белгілі. Көз май¬лары таусылғанша іздеген ғалымдар ақыры ол сөзді тапқан деседі. Табылған сөз әлемнің барлық жұмбақтарына жауап береді екен. Патша да, оны тапқандар да мәз болады. Бірақ уақыт ол адамдардың бәрін аямайды, патшаның аты ұмытылады, оның қаласы қиратылады, сонымен бірге сөз де жоғалып кетеді. Ғалымдар оны қайта іздестіруге кіріседі. Маған кейде «әлемді жаулаушы Шыңғыс хан сол сөзді іздеп аласұрды ма екен?» деген ой келеді. Отырарлықтар соған ерегіскеннен де кітаптарды тығып тастаған шығар, бәлкім. Әлде, Шыңғыс хан тапты ма екен? Белгісіз. Біз де сол қасиетті сөзді, кітаптарды іздестірумен келеміз».

Көне Отырардың өрлеуі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Көне Отырарды қайта өрлеуі туралы» зерттеу туралы қаулысы негізінде Отырар өркениеті терең зерттеліп, ел тарихының бірінші ғасырынан бергі өмірінен сыр шертетін 20 мыңнан астам баға жетпес тарихи жәдігерлер табылып, мәдени-археологиялық ескерткіштер қалпына келтірілді. Дегенмен, барша жұрттың зарыға күткен Отырар кітапханасынан әлі хабар жоқ. Тіпті бұл мәселеге көріпкелдер мен тәуіптер өз болжамдарын айтып әуре сарсаң болуда. Ел ауызындағы сөзге сай халық әлі дүние есігін ашпаған, болашақ күннің жеті жасар баласынан үміт күтіп, сол күнді торыға тосуда.

P.S. Қатігез жау қала тұрғындарын да қаланың өзін де аяусыз қастықпен жер бетінен өшірді. Тек кенттің өркениетін тарих беттерінен өшіре алмады. Бүгінде шырайлы шаһар орнында құм төбешіктері мен қорғандар бой көтерген, мезгілсіз тыныштық орнаған. Отырар қорғандары кезінде абыр-сабыр болған қамсыз қала тіршілігін бір мезетте жұтып алғандай... Жүзжылдықтар тоғысында Отырардың қазынасына қанық болғысы келген энтузиаст жандар мен ынталы ғалымдардың еңбектерінің арқасында көне көзін көрген қорғандардың құпиясына біраз болса да жақындадық. Әлі де ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасына ие болуымыз үшін ұзақ жылдық ерен еңбек жұмсалатыны анық.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+» №6-7 (43-44), 2013 жыл, 29 тамыз.