Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінде алғаш болып тарихи тақырыпқа қалам тербеп, оқырманды өткен күндердің белесіне самғата білген шебер жазушы. Оның шеберлігі де даралығы да ешкім бара бермейтін тарихи тақырыпқа білек сыбана батылдықпен баруында болса керек.
Ілияс Есенберлиннің оқып-тоқыған мамандығы – кен-металлургия инженері. Ол тарих мамандығын кәсіби иегермесе де тарихи хронологияларды әспеттеп, суреттеуде шын біліктілігін танытты. Жазушы өз шығармаларында Қазақ хандығы мен хандары, билері мен шешендері, батырлары мен жыраулары, қайсар өр тұлғалары туралы сырлы дүниелерді ақтарды, қазақ мемлекеттілігіне қатысты құнды фактілерді паш етті. Тарихи оқиғаларды әдебиет тілінде сайратты. Оқырманды бір сәтке хан сарайына апарып, хандар мен сұлтандардың тартысына куә еткізді. Ілияс Есенберлиннің бір ғасырлық мерейтойы мен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бір жылдың еншісіне келіп, жазушының тарихи романдары бір жасап, жаңғырып қалғаны да сөзсіз. Бүкіл Қазақстан осы мерекені ЮНЕСКО-ның 2014-2015 жылының ұмытылмас күндердің күнтізбесі шеңберінде атап өтуде.

Өмір сүруге деген құлшыныс

Ілияс Есенберлин 1915 жылдың 10 қаңтары күні Ақмола облысының Атбасар уезінде ағаш шеберінің шаңырағында дүниеге келді. Есенберлиннің бір кіндіктен тараған әпкесі және інісі болды. Әпкесі жастайынан тұрмыс құрады, барған жерінде бағы жанбай, кейін кен жұмыстарына кетіп, Ілияс әпкесінен хабарсыз қалды. Әке-шешесі індеттен көз жұмады. Өздерінің шиттей балалары бар туыстары інісі Раунақты ғана бағып-қағуға шамасы келетінін айтады. Онсыз да осы кездері бұл маңда қорасан індеті өршіп тұрғандықтан, ауыл-аймақтың көбісі осы пәленің салдарынан қырылып жатқан-ды. Ілияс Есенберлиннің баласы Қозыкөрпеш Есенберлиннің баспасөздердің біріне берген сұхбатында: «Әкемді дала кезіп, қаңғып жүрген жерінен тауып алып, балалар үйіне жеткізген. Әкем мені тауып алмағанда сол қыстан аман қалар ма едім деп, балалар үйіне тәрбиеленгеніне шүкіршілік білдіріп отыратын. Мүмкін әкемді өмірге деген құштарлық пен еш қиындыққа қарамастан өмір сүруге деген құлшыныс жетелеген болар деп ойлаймын» («Караван» №35 2014 жыл, 5 қыркүйек), – деп бөліседі.

Шартарапқа қазақты танытты

Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихында бүгінгі күнге дейін ең көп роман жазған жазушы ретінде белгілі. Оның қолынан шыққан романдарының барлығы да оқырманның оң бағасына ие болған. Оның еңбектері әлемнің 30 тіліне аударылып, шамамен 9 миллион таралыммен шартарапқа тарады. Мәселен, «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алсытағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы», «Аманат» атты романдарында әлі ешкім көтермеген тың мәселелер көтерілген.

Қалмагер өз еңбектерінде Ұлы Даланың өткені туралы құпияларды ашып, Жәнібек хан, Керей хан, Әбілқайыр хан, Қасым хан, Жәңгір хан, Абылай хан, Кенесары хан, сондай-ақ, атақты билер, атақты батырлары жырау, шешендер туралы деректерге қанық етті оқырманды. Ілияс Есенберлиннің ХV ғасырдан XIX ғасырдың ортасына дейінгі оқиғаларды бейнелеген «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді.

Ал өмірінің соңғы күндерінде «Алтын орда» тарихи романын дүниеге әкелді. «Көшпенділер» – қырық жылдан аса уақытта жазылғанның өзінде бүгінгі күні тарихи романдардың ішіндегі көш бастап тұрған туынды. Трилогия шыққанға дейін «Айқас» атты романы үшін 1968 жылы ҚазССР мемлекеттік сыйлығын алып үлгерген. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, негізгі үміткерлердің бірі саналды.

Оның тарихи романдарында қазақ әдебиетінде бұрын-соңды осылайша тарихи шежіре кең әрі тәтпіштеп баяндалып, әдеби көркемделген туынды болмағаны анық. Әлі күнге дейін «Көшпенділер» трилогиясы көп оқылатын және басқа тілдерге көп тәржімаланатын шығарма болып отыр. Сол уақыттары ғылымда терең зерттелмеген тарихтың белгісіз белестерін оқырман қауымға паш ету жазушы үшін үлкен ерлік еді. Ілияс Есенберлин мұндай батыл қадамға ойланбастан барды. Ұлты үшін, қазақ халқы үшін, болашақ үшін барды. Тарихи романдар жазу арқылы елінің тарихын түгендеуді өзіне ел алдындағы парызы деп түсінсе керек. Қаламгер қазақтың тарихы мен болмысын, дүниетанымы мен мәдениетін жаһанға жария етіп, танытты.

Дерек: Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарапты. «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған екен. 2005 жылғы есеп бойынша, дүниежүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Бұл трилогияның негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильм түсірілді.

Халық жауының күйеу баласы атанып...

Ілияс Есенберлин 18 жасында-ақ Қарсақпайда атқару комитетінде қызмет етті. Ол рабфакта (жұмысшы факультеті) білім алып, кейін Алматыдағы политехникалық институтты тау-кен инжинері мамандығы бойынша тәмамдап, 1940 жылы Жезқазғанға жұмысқа аттанады. Кенеттен басталып кеткен соғыстың салдарынан ол Қызыл әскер қатарына шақырылады. Рига әскери-саяси училищесінде оқып, ары қарай майданға кетті. Ленинград түбінде соғысып, 1942 жылы аяғынан қатты жарақаттанып елге оралды. Алматыға келіп жұмысқа орналасады, шаңырақ көтереді. 1937 жылы атылып кеткен әділет халықкомиссары Хамза Жүсіпбековтің қызына, бұл некенің салдарынан болатын қиындықтарға қарамастан, үйленіп, қырық жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді. Бұл некесі үшін көп жапа шегіп, қуғынға да ұшырайды. Қайын енесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді. 1953 жылы ақталып келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрілігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.

27 күнде жазылған роман

Мақаланы жазу барысында «Жан сырым» кітабындағы әдеби сыншы Павел Косенконың жазушы туралы естелігі көзіме түсті. Ілияс ағаның еңбек жолына қанығу үшін оқырманға осы үзіндіні ұсынуды жөн таптым.

– Ілияс Есенберлин асықпай-саспай бір жұмыс күнінде сан алуан шаруа бітіріп үлгеретін. Ал кешкі сағат алтыдан кейін І.Есенберлин директорлықтан «түсетін». Кешкісін, не демалыс күндері қызмет бабымен соғылатын қоңырауды ол жек көретін. Тіпті дүние аударылып жатса да. Өйткені бұл уақытта ол директор емес, жазушы болатын. Қызық еді.

Бірде «Осы кісі қай жерде жүріп осыншама кітап жазды» деген ойтүрткімен сұрап едім, Ілекеңнің айтқаны:

– Үйге келемін, шәй ішемін, сосын ұйықтаймын. Сағат ондарда үйдегілер сабырлана бастайды. Сосын мен столыма отырып, түнгі 3-4-ке дейін жазамын.

– Демалыс күндері де ме?

– Жоқ, демалыс күндері мен аз жұмыс істеймін. Бізде, қазақтарда қонаққа бару, достармен араласу деген салт бар ғой.

– Сонда бір түнде қанша жазып үлгересіз?

– 20-30 бет.

«Көшпенділер» трилогиясының бір романын Ілекең бір айда (қаңтарда) жазды. Оның ішіндегі 4 күні жақын досы – дарынды жазушы Қапан Сатыбалдиннің қайтыс болғандағы шаруаларына кетті. Ай емес, 27 күнде жазды.

Кітапты жазғандағы асыл арманым не?

Жазушы еңбектерін аса мұқият дайындықпен әрі көп уақытқа созбай жазуды дағдыға алған. Бірде ол: «Мен алдыменен материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдымен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Не туралы болу керек, асыл арманың не еді осы кітапты жазғанда, нені көтергің, нені ашып айтқың келеді? …Тереңдеп ізденіп, өз ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын», – деген екен.

Қайталанбас туындылардың дүниеге келуіне себеп болған достық

Жазушы Шарбану Құмарова «Тұйық өмірдің құпиясы» кітабында Ілияс Есенберлин туралы естелігінде былай деген еді: «Есенберлинге көп көмектескен Дінмұхамед Қонаев еді. Ол тарихи кітаптарын ұзақ уақыт шығара алмай жүрді. Ыңғайы келіп, Қонаевқа жолыққан соң кітаптары шетінен басылды». 1967 жылы Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасының басшысы болып қызметке тағайндалады. Расында мұндай жаңалыққа сол кездегі әдебиет майталмандары қатты таң қалады. «Мамандығы инжинер Ілияс еліміздегі бас әдеби мекемені басақарғаны несі?!» деген уәждер де жиі айтылыпты. Бұл жөнінде жазушы Қабдеш Жұмаділов былайша еске алады: «Көп жылдар қуғын көріп, әр жерде есік қақты боп жүрген Ілияс Есенберлиннің бұлайша аяқ астынан республикадағы бірден-бір әдеби баспаға директор болып шыға келуі қалам ұстап жүрген қауымды дүрліктіріп тастады».

Ілияс Есенберлиннің бойындағы тума дарынын, қаламгерлік қасиеттін сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев аңғарып, баспаға басшы болуына да жол салған болса керек. Олардың достығы Дінмұхамед Ахметұлы Балқашта қызметте жүргенде Ілияс Есенберлин оның қоластында жұмыс істеген кездерден басталған дейді. Екеуінің мамандықтары да тау-кен инженері, бір-бірімен тіл табысып, өзара сыйлы болған деседі көрген көздер.

PS. Ілияс Есенберлин бес ғасыр бойына мемлекеттілік тұрғысынан болған тарихи ірі уақиғаларға әдеби сарын беріп, бірнеше ғасырлар тоғысында болған өзгерістерді өз көзімен көргендей бейнелеп берді. Бұл – әдебиеттің тілінің құдіреті. Тарихи фактіге сөзден әдемі өрнек құрып, тамаша қайталанбас туындыны дүниеге әкелген жазушыны дара да дарынды деп айтпасқа болмас.

Жанар ЕЛЕШОВА

«Білік» №2 (175), 28 ақпан, 2015 жыл