Сұлтанбек Қожанов
Суяб қаласы. Түрік қағанатының басты қалаларының бірі және біршама кейін құрылған Батыс Түрік қағанатының астанасы болғаны тарих беттерінде айшықталған.
Баласағұн шаһары. Жетісу өңіріндегі ірі сауда орталықтарының бірі, біздің дәуірдің 940-1210 жылдары біраз түркі тайпаларының мемлекеттік бірлестігі, Қараханидтер мемлекетінің астанасы болғаны белгілі.
О, Сығнақ,
Қақпаларыңның шаңын
Сүйіп жылар ем,
Қайта тусам,
Сығнақта туар ем.
(Шамсуддин Сығнақи, XIII ғасыр).
Сарайшық қаласы. 1513 жылы Бұрындық ханды тақтан тайдырып билікке қол жеткізген Қасым хан астананы Сығанақтан Сарайшыққа көшірді. Сарайшық қаласын ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпақтары тұрғызды. Моңғолша «сарай» – хан ордасы, «жүк» – кіші деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл қала атауы кіші хан ордасы деген ұғымға саяды. Бұдан басқа кейбір тарихшылар Сарайшық атауы қаланың алтынмен апталған күмбездері мен мұнаралары айшықталып тұрғандықтан, жұрт «Сары айшықты қала» деп атағандығын да айтып жүр. Алтын Орда мемлекеті Жәнібек ханның тұсында (1342-1357 ж.ж.) барынша гүлденген болатын. Осы кезде Сарайшық қаласы да әлемдегі ең көрікті қалалардың бірі болды. Тарихи деректерде Мәскеу кньязы Иван Калита Кремльдің үлгісін Сарайшық қаласынан алғандығы айтылады.
Түркістан қаласы. 1598 жылы Тәуекел хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына інісі Есім хан болды. Оның кезінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының астанасы болды. Есім хан Нахшбанди тарихатының өкілі бола тұра, Яссауи тарихатының орталығы болған Түркістанды хандықтың астанасы етті. Түркістан тек рухани орталық емес, сол кездегі Сыр бойындағы қалалардың ішінде ең гүлденген қалалардың бірі еді.
Ташкент қаласы. Тарихшылар Түркістан қаласын Есімнен кейін екі жүз жыл Қазақ хандығының астанасы болғандығын айтады. Есім ханның тұсында Қазақ хандығы өз ішінен екіге жарылды. Тәуекел ханның інілерінің бірі Тұрсын өзін Ташкентте хан етіп жариялап, осы төңіректегі Қатаған-Жайма тайпасын жеке-дара билей бастады. Осы кезден бастап Ташкент Қазақтың Ұлы жүз тайпаларының астанасы бола бастады. 1628 жылы Есім хан Ташкентке басып кіріп Тұрсын ханды өлтірді. Бұдан кейін Қазақ хандығы қайта біртұтас мемлекетке айналды.
Семей қаласы. Қазан төңкерісінен кейін 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда Екінші Жалпы қазақ құрылтайы шақырылды. Құрылтайдың бірауызды шешімімен «Алаш» қазақ автономиясы құрылды. Оның астанасы болып ресми түрде Ертіс жағалауындағы Семей қаласы жария етіліп, Семейдегі Ертістің сол жағалауы Алаш қаласы деп аталды. Өкінішке орай, Қазақ автономиясының астанасы ретінде Семей ұзақ болмады. Ол 1919 жылы ақтар мен ұлттық қозғалыстардың Түркістан және Сібірде талқандалғанға дейін ғана астана мәртебесіне ие болған. 1920 жылы Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы өкілеттігі Орынбор қаласына қайта берілді.
Ақмешіт қаласы (бүгінгі Қызылорда). 1925 жылы бұрынғы Қоқан хандығының шекаралық бекінісі болған Ақмешіт еліміздің астанасы болып жарияланды. 15-19 сәуірде Ақмешітте Қазақстан кеңестерінің V съезі өтті. Съезд шешімімен Қырғыз АКСР Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта аталды. Сондай-ақ, сол съезде қала аты Қызылорда болып өзгертілді.
Алматы қаласы. 1927 жылы 3 сәуірде еліміздің астанасы болып Алматы қаласы бекітілді. Іле Алатауының теріскей бөктерінде сонау орта ғасырдың басында алманың иісі аңқыған «Алмалық» атты қала болған. XIX ғасырда орыс отаршылары «Верный» атты әскери бекініс салды. 1937 жылдың 26 наурызында Қазақстан Кеңестерінің X съезі бұрынғы Автономияның енді Республика болып жариялануы жөніндегі конституцияның заңын бекітті. Сөйтіп, Алма-Ата қаласы Кеңестік Социалистік Қазақ Республикасының әкімшілік орталығы ретінде астана болып белгіленді. Осынау жылдардың аралығында Алматы тек қана Қазақстандағы емес, бүкіл Одақтағы ең сұлу, ғажайып қалалардың қатарына қосылды. Әлденеше онжылдықтар бойындағы тарих көшінің саяси, әлеуметтік өзгерістері, оның ұлы оқиғалары осы орданың маңдайына бұйырған. Соның бірі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Содан бес жылдан соң Алматы Кеңес Одағының ыдырағанының куәгері болып, астаналық көк аспанында тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын желбіретті.
Жанар ЕЛЕШОВА
«Білік», №8, (169), 31 шілде, 2014 жыл