Торайғыров университетінде докторанттарға диплом табыстау салтанаты өтті.

Университет алғаш рет ҚР Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің шешімі бойынша дербес дипломдар берді. Естеріңізге сала кетейік, бұрын дипломдарды тек ұлттық жоғары оқу орындары ғана бере алатын, ал бүгінде өңірлік университеттерде де осындай мүмкіндік бар.

Докторанттарға философия докторы (PhD) дәрежесі берілетін мемлекеттік үлгідегі диплом берілді. Іс-шараға ректорат мүшелері, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы және докторанттар қатысты.

Жаңа үлгідегі дипломдарды Электр энергетикасы, Биология, Педагогика және психология бойынша диссертация қорғаған 9 PhD докторы алды.

ЖОО ректоры Еркін Садықов түлектерді дипломдарымен құттықтап, оларға табыс тілеп, олардың әрқайсысы еңбек нарығында лайықты орын алып, ғылыми қызметін жалғастыратынына сенім білдірді.