Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің орталық көрме залында суретшілер Одағы Павлодар облыстық филиалының «Ертіс-Баян маржандары» атты көрмесі ашылды.

Шара Павлодар облыстық көркемсурет музейі және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мұрындық болды.

Көрмеге графика, кескіндеме жанрында орындалған елуден астам шығарма, зергерлік өнер бұйымдары қойылды. Олардың қатарында ПМУ сәулет және дизайн кафедрасы оқытушылары п.ғ.к. профессор Сәуле Әбішева мен аға оқытушы Заура Асылғазинаның туындылары бар.

Өнерсүйер қауым Баянауыл өңірінің тылсым табиғатын арқау еткен шығармалармен танысты. Түрлі жанрыларда орындалған туындыларға тәнті болды.

Павлодарлық суретшілердің әр туындысына романтизмнің поэтикасы тиесілі деп сеніммен айтуға болады.

Марапаттау шарасы қылқалам шеберлері үшін тосын тарту болды. Қазақстан өнер академиясының мүшелері павлодарлық суретшілердің еңбегін еледі.

Ә. Марғұлан атындағы архелогиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, археолог Виктор Мерц үлкен алтын медль және дипломмен марапатталды.

Қазақстан өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін үлкен алтын медаль және ҚР өнер академиясының дипломымен суретшілер одағының мүшелері Ә. Игембаев, О. Шұранов, М. Хусаинова, О. Пашко және Павлодар облыстық көркемсурет музейінің директоры А. Нүрғамысова да марапатталды.

Еске сала кетсек, көрме 30 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.