Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында С. Торайғыров атындағы ПМУ агротехнологиялық факультетінің базасында университет пен жұмыс берушілердің кездесуі өтті. Шара агроөнеркәсіптік кешенге мамандарды даярлау тақырыбына арналды.

Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаев, облыстық мәслихат депутаттары, өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

ПМУ ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова өз сөзінде жоғары оқу орындары мен кәіпорындар арасындағы іскери байланыстың форматын жақсарту керектігін алға тартып, университет пен жұмыс беруші еңбек нарығының талаптарына сай болу үшін бірлесіп еңбек ету қажеттілігін айтты. Сонымен қатар, студенттердің тәжірибеден өтулеріне жағдай жасау керектігін жеткізді.

Сала мамандары агроөнеркәсіптік кешендегі кадр тапшылығын жою мәселесі бойынша ой алмасып, шешу жолдарын қарастырды.

Шара соңында университетпен серіктес болған кәсіпорын жетекшілері және ауыл шаруашылығы саласына кадр даярлау ісінде еңбек сіңірген Алғыс хаттармен марапатталды.