С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 144 шетелдік студент білім алады. Сонымен қатар, «Foundation» факультетінің тыңдаушылары арасында 79 өзге ел азаматы бар. Бүгінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Нигерия мемлекеттерінің жастары павлодарлық жоғары оқу орнының студенті атанып, білім нәрін сусындауда.

Пәкістандық Ахмед Интесар қазақ филологиясына қызығушылық танытқан.

«Қазақстан халқының мәдениетін зерттесем деймін, қазақ тілін меңгергім келеді. Біздің университетімізде мемлекеттік тілдің жоғары деңгейде екеніне қуаныштымын», - дейді А. Интесар.

Бұрнағы күні шетелдік студенттер үшін «Ұлттық сәйкестік және шет елдерінің тәжірибесі» атты пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Шара аясында студенттер шығармашылық әлеуеттерін арттырып, халықаралық деңгейдегі мәдени кеңістікті кеңейту бағыттары бойынша ұсыныстарын жеткізу мүмкіндігіне ие болды.

«Foundation» факультетінің тыңдаушылары домбырада ән шырқап, қазақ халық билерін орындады. Классиктердің туындыларын мәнерлеп оқыды.