26 қазанда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында оқушылар арасында көптілділік бойынша облыстық олимпиада өтті.
Білім додасын ПМУ жанындағы көптілді білім беру Орталығы мен «Ертіс дарыны» облыстық қосымша білім берудің аймақтық оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Зияткерлік жарысқа облыстағы 88 мектептің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Екі кезең бойынша өткен бәсекеде жастар бірнеше тіл бойынша білімдерін ортаға салды. Оқушылар ағылшын, неміс, қытай және француз тілдерін жетік меңгергендерін дәлелдеді. Жастар эссе жазып, бірнеше сұрақтарға жауап берді.
Қазылар алқасының мүшелері оқушылардың білім деңгейіне баға беріп, бірден үш тіл бойынша ұпай санын есептеді. Бағалау барысында ойлаудың даралығы, грамматикалық нормалардың сақталуы және шешендік өнерге назар аударылды. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.
Нәтижесінде бірінші орынға «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің оқушысы Әдия Ахмер мен дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушысы Шейла Джабаева ие болды.
Екінші орын тұғырынан София Мельник (Павлодар қаласының №16 мектеп-лицейі), Нұрай Ахметова (Екібастұз қаласының №18 ОМ) және Айзере Сембаева, («Жас дарын» мамандандырылған мектебі) көрінді.
Олимпиаданың үшінші орнын Алдияр Қаждаров (Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп), Аида Баяманова (Ақсу қаласының мамандандырылған гимназиясы), Асанәли Каркинбаев (дарынды ұл балаларға «Білім-инновация» лицей-интернаты), Әдия Нұрпейісова ( «Жас дарын» мамандандырылған мектебі), Гайнель Оралбаева (Екібастұз қаласының «Зерде» мамандандырылған мектебі), Әнел Жұмабек (Павлодар қаласының №20 мектебі), Амина Әбубәкірова («Жас дарын» мамандандырылған мектебі), Малика Кәрібаева (Ақсу қаласының мамандандырылған мектебі) өзара бөлісті.