Павлодар мемлекеттік университетінде философия ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты М.С. Сәбиттің 80 жылдығына арналған «Қазақстандағы қазіргі заманғы білім беру және ғылымының даму перспективалары мен үдерістері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мерейтой иесінің әріптестері, студенттері мен туған-туысқандары жиналды.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова құттықтау сөзінде Мұрат Сәбиттің диалектикалық логиканың отандық мектебінің негізін қалап, дамытуға атсалысқан еліміздегі көрнекті философтардың бірі, ғылыми жұмыстары қазақстандық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның іргелі негізін қалағанын тілге тиек етті.
Конференцияға келген шәкірттері ұстаздары туралы жылы сөз айтып, алғыстарын білдіріп жатты. Мұрат Сәбиттің соңынан ерген ғалымдардың қатарында филос.ғ.д, профессор Сергей Колчигин, филос.ғ.д, профессор Қалимаш Бегалинова, филос.ғ.д, профессор Александр Хамидов, филос.ғ.д, профессор Дәуренбек Әубәкір, тех.ғ.д, профессор Дәурен Ахметбаев және басқалары болды.
Мұрат Сәбит – 300-ге жуық ғылыми еңбектің авторы, зерттеу жұмыстарын педагогикалық қызметпен ұштастыра білген жан.
Бүгінгі таңда мерейтой иесінің шәкірттері елімізге танымал. Ондаған ғылым докторы, кандидаттар, PhD докторлары мен магистрлер Мұрат Сәбиттің мектебінен түлеп ұшқан. Ғалым Павлодар облысында ғылыми кадрларды даярлау ісіне сүбелі үлесін қосты.
Мерейтой иесі өз сөзінде жиналған қауымға алғысын білдіріп, шәкірттерін мақтан ететінін жеткізді.
Шара барысында атақты ғалым С. Торайғыров атындағы алтын медальмен марапатталды.