С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауы дөңгелек үстел барысында талқыланды. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының өеілдері, «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында келесі жылы қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» Заңы мен мектеп психологтарын даярлау мәселесінің маңыздылығы сөз болды.

«Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к А. Құдышева университет кәсіби мамандарды даярлау жолында ауқымды жұмыстарды атқарып жатқанын айтты.

- Педагогтің жаңа мәртебесі отандық кәсіби саласындағы маңыздылығын арттыра түседі. Павлодар мемлекеттік университетінде бірыңғай кәсіби-педагогикалық модуль жасалған. Бұл модуль барлық педагогикалық мамандықтарды қамтиды, - дейді А. Құдышева.

Модуль құрамында педагогикалық қызметке арналған деонтологиялық арнайы курс бар, яғни, болашақ педагог маманның моральдық дайындығы бойынша арнайы жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, психологтар мен педагогтарға заман талаптарына сай инклюзивті білім беруді көздейдін тұтас блок бар.

Кафедра меңгерушісінің айтуынша, «Суицодология және конфликтология әрекеттерін алдын алу» және «Ювеналды психология» пәндері енгізілген. Жаңа пәндердің мақсаты – балалар арасындағы қақтығыстар мен өзіне өзі қол жұмсай әрекеттерін алдын алы.