Білім ордасының қабырғасында  өткен шараны облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасы  ұйымдастырды.

Ойынға ауыл және қала әкімдіктері мен бөлімдері, облыстық әкімдік пен басқармалар, департаменттің аймақтағы өкілдері мен студенттер командасы қатысты.

- Интеллектуалды ойын мемлекеттік қызметтің 20 жылдығына  арналады, - деді басқарма басшысы Аягөз Мұсәпірова. – Бұл - осы сала қызметкерлерінің өз ісінің майталмандары екенін дәлелдеудің бір жолы. Ал студенттер болашақта мемлекеттік қызметке келгенде өз білімдерін қолдана алатын болады.

Сұрақтар мемлекеттік қызмет пен Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен қазіргі кездегі тарихы жайлы  құрастырылды. Мысалы, жастар Павлодар индустриалды институтын бітірген, бірнеше облыс әкімі болған және министрлер кабинетін басқарған жерлесіміздің есімін табу керек болды. Сонымен қатар,  біліктіліктікті талап  етпейтін мемлекеттік қызметшілер,   екі өзеннің арасында бой көтерген Қазақ хандығы және тұрғындар саны  бойынша сұрақтар қойылды.

- Өткен жылы біз «ХХІ ғасыр көшбасшысы» форматында ойын өткізсек, биыл шараны осындай сұрақ-жауаппен   толықтырдық. Ал келесі жылы ресейлік танымал «Что? Где? Когда?» ойыны түрінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік қызметке қатысты сұрақтарды біздің мамандар дайындады. Командалардың барлығы ойынға жақсы дайындалған. 20 сұрақтың бірнешеуі ғана жауапсыз қалды.

Ойын нәтижесінде бірінші орынды студенттер, екінші орынды облыстық әкімдік, ал үшінші орынды қала әкімдігінің командалары жеңіп алды.

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz