С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде іздестіру отрядтарының «IZDEU-2018» атты халықаралық форумы өтті.

Форумда бір алаңда Ұлы Отан соғысын зерттеуші-ғалымдар, іздестіру қозғалыстарының мүшелері, документалист-режиссерлер бас қосып, тәжірибе алмасты. Шараның құрметті меймандары қатарында Кеңес Одағының батыры Иван Панфиловтың немерелері, апалы-сіңлілі Алуа және Айгүл Байқадамовалар, сонымен қатар, Ресей. Белоруссия, Украина, Молдова және Эстония елдерінің делегаттары болды. 

Форумның ашылу салтанатына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысып, Ертіс өңірінде жиналған тарихшылар мен іздестіру жасақтарына алғасын білдірді. М. Бегентаев Павлодар облысының Қазақстандағы іздестіру қозғалысының орталығы екенін атап өтті. 

«Павлодарлық іздестіру жасақтары Ресей аумағында Ұлы Отан соғысының батырларына арналған 23 жаңа ескерткіш орнатты. Көрші ел отрядтарымен орнаған тығыз байланыстың нәтижесінде қоғам мүшелері ата-бабаларымыздың жолымен жүріп өтті», - дейді М. Бегентаев.

Шара барысында сөз алған С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова Қазақстан электролиз зауыты мен Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің мұрындық болуымен университет оқытушылары мен студенттері қатарынан  отряд құрылғанын тілге тиек етті. Жасаққа әскери тарихшы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Көмекұлы Құсайыновтың есімі берілді. 

«Іздестіру қозғалысына ғалымдар тарапынан ғана емес, қарапайым халық тарапынан да қызығушылық мол. Бүгінде олардың қатары артып келеді, себебі біз бабаларымыздың ерлігін ұмытқымыз келмейді. Айта кетейік, генерал И. Панфиловтың 316-шы дивизиясының ерлігіне 75 жыл толуына орай университетте «Панфиловшылар» атты іздестіру жасағын құру жөнінде шешім қабылданды. Бұл отряд мүшелері  Ресейдің Мәскеу облысындағы Волоколамск ауданында өткен еске алу вахтасына қатысты. Олардың ұраны - «Біз - панфиловшылардың ұрпағымыз»,  - дейді Г. Ахметова.

Форум аясында бірнеше жұмыс бағыты бойынша пікірталастар ұйымдастырылды. Отряд мүшелері өзара тәжірибе алмасып, Ұлы Отан соғысының тарихы, іздестіру жасақтарының жұмысын жаңа форматқа көшіру мәселелерін қызу талқылады. 

Пленарлық отырыстың нәтижесінде Қазақстандағы іздестіру қозғалысының құрылуына атсалысқан бір топ азамат марапаттарға ие болды. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Алтын медалімен Майдан Құсайынов пен Жұмабек Қамзин ие болса, тарих ғылымдарының докторы Лайла Ахметова университеттің құрметті профессоры атағына ие болды.