Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Астана қаласында өткен республикалық «Музыкалық маусым: Күз» атты әншілер конкурсынан жүлдемен оралды.

Конкурсқа Астана, Қарағанды, Павлодар және Семей қалаларынан келген вокалистер қатысты. Ал, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті атынан орындаушылық өнер кафедрасының студенттері Мөлдір Майбас пен Сұңқарай Құлбаева өнер көрсетті.

Қазылар алқасының құрамында белгілі музыка мамандығының сарапшылары, композиторлар және мұғалімдер болды. Қатысушылардың өнері жабық дауыс беру арқылы бағаланды.

«Эстрадалық вокал» аталымы бойынша қатысқан Мөлдір Майбас «Алтын бесік» әнін орындап, жеңімпаз атанды. Ол өзіне берілген әнді жүрекпен жеткізіп орындау арқылы қазылар алқасының көңілінен шықты. 

«Академиялық вокал» аталымы бойынша үшінші орын тағы да біздің жерлесіміз Сұңқарай Құлбаеваға бұйырды. Ол қазақтың халық әні «Гаухартасты» нақышына келтіріп орындады. 

Вокалистердің айтуынша, мұндай республикалық деңгейдегі байрақты бәсекелерде бақ сынау - шығармашылық тұрғыда өсуге және жас өнерпаздарды кәсіби маман ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өзге әріптестерімен тәжірибе алмаса отырып, білмегендерін үйренеді.