Гауһар Ахметова С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры болды.
Жаңа ректорды ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова мен облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев таныстырды.
Гауһар Ғалымқызы 1995 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі және музыка кафедрасын бітірген. 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін «Философия тарихы» бойынша аспирантура бітірді. Ол философия ғылымдарының кандидаты, ассоциациялық профессор, «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Құрметті білім қызметкері атанды. Әр жылдары С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың академикалық жұмыстар жөніндегі проректоры, «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді атқарған.
Облыс әкімі Мейрам Бегентаев өзінің сөзінде «Ректор лауазымына сайлану меритократия қағидаты бойынша өткізілгенін», сонымен қатар, Гауһар Ахметова Павлодар мемлекеттік университетіне тағайындалған алғашқы әйел-ректор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, осы күні ПМУ-дың академикалық жұмыстар жөніндегі проректоры болып Петр Быков тағайындалды. Ол бұған дейін Тіркеу кеңсесінің директоры болған. Петр Олегович 2001 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген, техника ғылымдарының кандидаты.
2008-2010 жылдары аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанған.
Гүлзат Көбенова мен Мейрам Бегентаев ПМУ өңірдің қоғамдық және ғылыми өмірінде үлкен маңызы барын атап өтті, сондай-ақ, университеттің жаңа басшысы мен профессорлық-оқытушылық құрамы Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде жоспарланған барлық жоспарларды жүзеге асыруға қолдау көрсететініне сенім білдірді.