Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар шаралар өтті.
Бұл күндері белгілі саясаттанушылар, тарихшылар, Павлодар қаласы әкімшілігінің өкілдері Қазақстан және одақтас республикалар тарихындағы трагедиялық кезеңнің ащы шындықтары турасында сөз қозғады.
Дөңгелек үстел басына Қазақстан тарихы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, басқару және саясаттану кафедрасының сарапшылары жиналып, құрбан болған ғылым мен мәдениет саласы қайраткерлерінің қилы да қиын тағдырлары мен атқарған еңбектерін саралады.
Баяндамышылар болашақ ұрпақ алдындағы тарихи деректің маңыздылығын қарастырып, өз сөздерінде тарихи бұл кезеңнің жастар үшін сабақ болуын ерекше атап өтті. Қатысушылар айтулы тақырыптың өзектелігін ескеріп, әлі де болса тарихтың «ақтаңдақтарына» қатысты тұстарын зерттеуге зор мән берілуі керектігін қадап айтты.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, өткен күндердің қасіретін ұмытпай, сабақ алып, саралап, ата-баба қайғысын естен шығармай, келер ұрпаққа аманат ету мақсатында ғалымдар Достық үйінде бас қосты. Онда С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің ғалымдары Ертістің Павлодар өңіріне жер аударылған халықтардың тарихы мен тағдырлары туралы баяндамаларын оқыды.
Жиында С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина Қазақ Елінің 1917-1954 жылдары аралығында болған аштық, репрессия зұлматының себептері мен салдарына талдау жасап, бүгінге дейінгі белгісіз болып келген зұлмат оқиғаларының мазмұнын ашып, сипаттама берді, зұлмат жылдардың тарихын біліп-тану үшін бірқатар ұсыныстар жасады. «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі Нәйля Анафина жер аударылған Баянауыл азаматтары туралы баяндап, олардың қилы тағдырлары жайында сөз қозғады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жыл 5 сәур күнгі №3443 Жарлығына сәйкес Қазақстанда 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Айта кетерлігі, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы – Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы қабылданған заңдардың бірі болды.