С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде шекаралас ынтымақтастықтың «Бірлік – Единство. KZ» халықаралық жастар форумы өтті.
Жыл сайын форум жастардың қашанда ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатындағы жобалары мен бастамаларын іске асыру бойынша мәселелерді кең көлемде талқылап, шешуге, жасампаз ынтымақтастыққа дайын екендігін айғақтайды.
Форум жұмысына Мәскеу, Омбы, Новосібір, Томбы, Алтай өңірі, Коми Республикасы және Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты. Бұдан өзге, шараға Оңтүстік Корей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері мен жас кәсіпкерлер де келді.
Форум барысында көпшілік назарына университет стартап академиясының жас кәсіпкерлерінің жобалар көрмесі ұсынылды. Олардың қатарында белгілі жобалар: «Alau», «Rimmini», «Tafella», сондай-ақ, жаңа жобалар қатарында: «QR-ГИД» алғашқы қала бойынша интербелсенді жолсілтеуші, «ITHOUSE» инновациялық оқу орталығы, «Ловец снов» тәулік бойғы асхана, «Самал» бейімделу орталығы балаларының «Преодоление» жобасы аясында жасаған қолөнер бұйымдары.
«ХXI ғасырдағы этникааралық дипломатия: жаңа шақыртулар, жаңа үрдістер» пленарлық отырысында қатысушылар алдында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев сөз сөйледі.
Президент Әкімшілігіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенконың айтуынша, қарым-қатынасқа қаржыдан бөлек, Қазақстандағы қуатты экономикалық актив – бейбітшілік пен түсіністік сынды құндылықтарды да салу қажет.
Тель-Авив университетінің (Израиль) бизнес-инкубаторының директоры Елена Донец әлеуметтік-бағдарлы кәсіпкерлік турасында ой қозғағанда, кәсіп тек қаражат көзі ғана емес, ол технологиялық дамуға өз септігін тигізіп, қоғамға пайда әкелуді көздеуі тиіс екенін айтты.
Плеханов атындағы РЭУ (Мәскеу қ.) бизнес-инкубаторының басшысы Руслан Мамедовтың баяндамасы болашақтағы мамандықтар турасында болды. Оның мәлімдеуінше, болашақта орын алатын жасанды интеллектінің дамуын ескере отырып, ертеңгі күні немен бәсекелес болатынымызды бүгін ойлағанымыз дұрыс.
Форумның ресми бөлімі соңында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а., ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Нұрлан Ержанов «Бірлік – Единство. Kz» өтпелі кубогын Қазақстан Республикасының «Дустлик» өзбек қауымдастығының жастар қанатының басшысы Шерзод Пулатовқа табыстады.
Форум алаңдарында қатысушылар стартаптардың экожүйесін дамытудағы халықаралық тәжірбиені саралап, этномедиация мәселелерін зерделеп, жастар ортасындағы заманауи трендерді ортаға салады.
Ал StartUP battle жобалар байқауында бір миллион теңгені С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің магистранты Әлфараби Ұзақ жеңіп алды.
«Біз Қазақстанның ауылшаруашылығы тауарөндірушілерін біріктіретін электрондық кооперация платформасы болатын «KazAgroTrade» жобасын жасадық. Клиент сайтта тапсырыс береді, бұл тапсырыс бірден өндірушілерге смс-хабарлама ретінде жөнелтіледі. Онда қажетті тауар, көлемі және байланыстар көрсетіледі», – дейді байқау жеңімпазы. Әлфараби жеңіп алған қаражатты жобаның техникалық қамсыздануын жетілдіру жұмыстарына жұмсамақ.