С. Торайғыров атындағы ПМУ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері республикалық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарасына бейне конференция арқылы қатысты.

Шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақ мемлекеттік заң университетінің ұйымдастыруымен өтті. 

Онлайн-конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі, жоғары оқу орындарының басшылығы және жастар ұйымдарының өкілдері баяндамаларын жасады. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Тыныштық Жүсіповтің мәлімдеуінше, соңғы жылдары елімізде академиялық адалдық қағидалары мәселелері бойынша оң өзгерістер орын алуда. 

«Соңғы кездері студенттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыбын өздерінің дипломдық жұмыстарына арқау етуде. Біздің Департамент оқу мекемелерімен тығыз қарым-қатынас орнатады, түсіндірме жұмыстарын өткізеді. Біз жастармен кездесерде олардың қызығушылықтарын ескереміз», –  дейді Тыныштық Ғарифоллаұлы. 

Сондай-ақ, Т. Жүсіпов өз сөзінде білім алу мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында оқытатын курстар жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.