С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Републикасының спорт шебері Әсет Байсекин құрметіне еркін күрестен ашық өңіраралық турнир өтті.

Турнирде Астана, Атырау, Ақтау, Көкшетау, Шымкент, Өскемен, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының 280 спортшылары қатысты. Сонымен қатар, сайыста Ресейдің (Саха, Якутия Республикасы,) спортшылары да бақтарын сынады.  Додада спортшылар он алты салмақты дәрежелер бойынша күресті. 

Әсет Байсекен 1982 жылдың 20 қаңтар күні  Павлодар облысы, Ертіс ауданында дүниеге келді. 2003 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін табысты орындап шығады. Павлодар қаласының ОРСБЖМ-інде жаттықтырушы болып қызмет еткен. 

Халықаралық дәрежедегі төреші, Павлодар мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт кафедрасының аға оқытушысы Ержан Қыстаубаев сайысты қорытындылай келе, турнир өскелең ұрпақ арасында еркін күресті насихаттауға бағытталғанын атап өтті.  

«Әсет Байсекин өзінің шәкірттерінің бойына спорттық рухты және жеңіске деген ұмтылысты сіңірді. Балалардың барлығы спортшы болмайтыны анық, дегенмен, олар өз елінің адал азаматтары болатыны сөзсіз. Мұндай турнирлер жастармен спорттық жұмыстарды атқарудың қоғам өмірінде өте маңызды саналатын қадамдардың айқын көрінісі», – деді Ержан Қыстаубаев.