С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне салтанатты мерекелік концерт өтті.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев салтанатты мерекелік жиынды өз құттықтау сөзімен бастады.
«Біздің университет дамудың сара жолын жүріп өтті. Алғашқы төрт жүз студентіміз екі әскери казармада, бұрынғы әскери училищенің бір қабатты он ғимаратында үш факультетте білім алды. 16 оқытушы дәріс оқыды, оның біреуінің ғана ғылыми доцент атағы болды. Бүгінде жоғары оқу орны 66 бакалавриаттың, 46 магистратураның, 4 PhD докторантураның мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. 41 кафедрада 567 оқытушылар қызмет етеді. Олардың 47-сі ғылым докторлары, профессорлар, 227-сі ғылым кандидаттары және доценттер. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында ғылыми-зерттеу жобаларға, 635 патенттерге, 498 авторлық куәліктерге 1 млрд. теңге тарттық. Мұнымен қоса, облыстық және республикалық байқауларда студенттеріміз бен оқытушыларымыздың жеңістеріне мақтана аламыз. Дәл осы күндері біздің білім ордамыздың студенттері жұмыс іздеп қана қоймай, өздері сол жұмыс орнын құрып жүр», – деді Арын Амангелдіұлы.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры ҚР Тәуелсіздігі күніне орай жоғары оқу орнының ғалымдары мен қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік төсбелгісімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапаттады.
Сонымен қатар, университет белсенділері Павлодар облысы маслихатының, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының, Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық кәсіподақ ұйымы мен облыстық ардагерлер кеңесінің марапаттарына лайықты деп танылды.
Мұнымен қоса, үздік қызметкерлерге С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.
Мерекелік салтанат университеттің студенттік филармониясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өнерпаздарының өнерлерімен жалғасын тапты.