С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде шетел тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен шет тілдері апталығы басталды.

– Шетел тілдерінің апталығы студенттердің білім деңгейін арттыруға, толықтыруға, ой-өрісін дамытуға және кеңейтуге ықпал ету мақсатын көздеді, – дейді кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к. Бейбітнұр Жұмабекова. 

Шара университеттердің оқытушыларының, басқа да факультеттердің тілдік емес мамандықтары бойынша білім алушыларының, ағылшын, неміс тілдерін меңгеріп жүрген студенттердің, сондай-ақ, орыс тілін шет тілі ретінде игерушілердің басын қосты.  

Апталыққа қатысушылар еуропалық тілдер бойынша білімдерін тексерді, шетелдің жаңылтпаштарын айтып, еуропалық мемлекеттердің әдебиеті мен мәдениетіне қатысты сауалдарға жауап іздеді. 

Апта бойы ағылшын және неміс тілдерінде өлеңдер оқылып, әндер шырқалды, және де, өзге тілдердегі өлеңдердің аудармалары жарияланды, ағылшын және неміс тілдеріндегі үздік тұсаукесерлер көпшілік назарына ұсынылды.

– Студенттер шетел тілін жоғары деңгейде меңгергенін танытып қана қоймай, шығармашылық қабілеттері мен қызықты идеяларын паш етіп, тілді түрлі жағдайда қолдана алатындығын да көрсетті, – деп айқындай түсті Бейбітнұр Қапарқызы. – Шараға барлық қатысушылардың бір-біріне сыйлаған тамаша өнерлері, көтеріңкі көңіл-күйлері үшін алғысымды білдіремін. Барлық студенттерге болашақта кәсіби жұмыстарында, күнделікті өмірлерінде қажетіне жарайтын шетел тілін игеруде өз күштеріне деген сенім мен табыстар тілеймін.