С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Қазақстан туризмі» республикалық байқауында (Астана қ.) үшінші орынды иеленді.

Байқаудың мақсаты – жастардың қоршаған ортаны қорғауға және елдегі туристік саланың дамуы әлеуетіне назар аударуға шақыру. 

Байқау аясында С. Торайғыров атындағы ПМУ химиялық технологиялар  және жаратылыстану факультетінің студенттері өздерінің стартап жобаларын ұсынды. Аян Есім байқауда «Павлодар облысы үлгісінде Қазақстанның медециналық туризмін жетілдіру» жобасын ұсынды. 

Алия Тукуева додада «Ертіс өзеніндегі (Павлодар облысы аймағы) өзен туризмі дамуының беталысы мен келешегі» тақырыбына арқау болған жобасының тұсауын кесті. Алияның айтуынша, Павлодар облысындағы туризмнің дамуына өңірдегі табиғи ресурстардың, бірегей мәдени ескерткіштер мен өнеркәсіптердің ықпалы зор.   

«Соңғы кездері жастардың туризмге, әсіресе, ішкі туризм саласына қызығушылығы артып келеді. Өкінішке орай, бұл кәсіптің өркендуіне әрқашан жағдай бола бермейді. Бір кездері ата-аналарымыз ұстанып келген романтикалық демалыстар – өзен және жаяу сапарлар, табиғат аясындағы демалулар ұмытылып бара жатыр. Осыған байланысты біздің жоба студенттердің су туризмі мен Қазақстанның мәдени-тарихи ескерткіштері объектілерін насихаттауды  мақсат етті», – дейді Алия. 

Қазіргі уақытта студент технологиялық картасымен, жергілікті аймақтың электронды маршрут кесте-картасымен, сонымен қоса, туристерге арналған ұсыныстарымен Павлодар облысы туралы ақпараттық мазмұнды мобильді қосымша жасауда.