С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ф-м.ғ.к., ЖАК доценті, профессор, С. Торайғыров атындағы ПМУ Құрметті деканы Ғафур Мұқанов атындағы дәрісхананың ашылуы өтті.

Мұқанов Ғафур Мұқанұлы – Павлодар өңірінің жоғары білім жүйесінің қалыптасуына аянбай еңбек еткен тұлға. Сонау 1960-ншы жылдары ол Павлодар индустриалды институтының кішігірім дәрісханасының бірінде алғаш дәріс оқып, оқу орданың тарихында мәңгі қалды.

Ол КСРО Жоғары мектебінің үздігі, «Қазақстан Республикасы ағарту үздігі», Ыбырай Алтынсарин атындағы, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» медалдерінің, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Павлодар қаласының Құрметті азаматы атағының және облыстық білім беру басқармасының және облыстық кәсіподақ комитетінің құрмет грамоталарының, ҚазССР жоғары және орта арнайы білім беру министрлігінің және Республикалық ағарту қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің, жоғары мектептер мен ғылыми ұйымдардың, ЦК КПСС және КСРО Министрлігі Кеңесінің, ВЦСПС және ЦК ВЛКСМ құрмет грамоталарының иегері.

Ал бастысы, Ғафур Мұқанұлы – ең құрметті «ұстаздардың ұстазы» атағын иеленген жан.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев білім орда үшін Ғафур Мұқановтың орны ерекше мәнге ие екенін атап өтті. «Ғафур ақсақал облыстағы ең ірі жоғары мектептің өмірге келуіне өз көзімен куә болып, университет тарихын құрушы тұлғалардың бірі де бірегейі болып қала беретіні сөзсіз», – деді университет басшысы.