Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне келді.

Университет ректоры, с.ғ.д.  Арын Өрсариев Мемлекет басшысын оқу орнының және студенттік кәсіпкерліктің даму жоспарымен қанық етті. 

Елбасының назарына ПМУ Стартап академиясының жобалары ұсынылды. Олардың қатарында микроклондау технологиясын қолдану арқылы өсіретін вируссыз картоп, заманауи технологиялармен ірі құлпынай өсіру жобалары болды.

Көшпенділердің дәстүрлерінен шабыт алған шетелдік студент  Ноа Салако күн және жел энергиясын қолданатын құрылғылармен жабдықталған, Африка елдерінде (Нигерия және т.б.) пайдаға асыратын заманауи киіз үйдің үлгісі паш етілген  «Yurta Inno» жобасын алға тартты.

Ұлттық тақырыпты жалғастыра отырып, жас кәсіпкерлер қазақтың ұлттық оюларын қолданып, этно үлгіде заманауи киімдер желісін жасау – «Aikerim – design», қымыздан жасалған балмұздақ  өндіру – «KoumIce»,  талқан мен қоспадан жасалған ұлттық тәттілер – «Tafella» жобаларын ұсынды. 

Мұнымен қоса, Нұрсұлтан Әбішұлын IELTS-ге қысқа мерзімде дайындайтын «ENGLISH KZ» тілдерді оқыту желісі, ALAU» – шыныдан жасалған бұйымдарды қайта өңдеу және өңдеу жобасымен таныстырды. 

Елбасы виртуальды тренажерларды жасау жобасымен, интербелсенді презентациялар мен «ТKR Group» мобильді қосымшалармен де таныс болды. 

Мұнымен қоса, бұл күні университет қабырғасында кәсіпкер студенттер игілігіне коворкинг орталығы ашылды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Әбішұлына студенттер қазақтың ұлттық  оюымен нақышталған бабочка сыйға тартты. 

ФОТО: РУФИНА ТОРПИЩЕВА