Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Ақпараттық процестер және жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен қос дипломдық бағдарламасымен білім алып жүрген магистранттар «онлайн» жүйеде магистрлік диссертацияларын қорғады.

Еске сала кетейік, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Томбы мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің арасындағы бірлескен қос дипломды бағдарламасы 2013 жылы жасалған екі жақтық меморандум негізінде жүзеге асуда. 

Бұл бағдарламамен білім алған магистранттар оқу нәтижесінде қазақстандық және ресейлік дипломдарға ие болады. 

Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Испуловтың айтуынша, екі елдің үздік жоғары мектептерінің өзара ынтымақтастығы екі елге де тиімді. 

– Бір мезгілде екі диплом алу арқылы білім алушылар академиялық білімін тереңдетіп, ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға  қатысып, кәсіби мансап жолында да кең мүмкіндіктерге ие болады. Және де бір уақытта екі мамандықты бірден игеріп, бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие білімді, білікті кәсіп иесі болуына жол ашылады, – дейді Нұрлыбек Айдарғалиұлы.