С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасы шеңберінде Еуропа университеттерінде дәрістер курсын оқыды.

Еуропаның жоғары мектептерінде п.ғ.к., профессор Айнаш Кудышева, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Зулейха Марданова дәріс оқыды.  Дәрістер ағылшын тілінде білім алып жүрген топтарда өтті.

А. Кудышеваның Кастилия Ла-Манча  университетінде (Испания, Толедо қаласы)  оқыған дәрісі инклюзивті білім беруді ұйымдастыру мәселелеріне арналды.  

З. Марданова Сьюдад-Реаль қаласындағы (Испания) Кастиля Ла-Манча университетіне жол тартты.  С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымының дәрісі Орталық Азиядағы миграциялық үрдістер тақырыбына өзек болды. 

Академиялық ұтқырлық орталығының бастығы Құндыз Мұқатаеваның айтуынша, «Erasmus+» бағдарламасы білім беру мен оқыту жүйесін дамытуға бағытталған. 

– Айтулы бағдарлама С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 2015 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бүгінде оқытушылар біздің серіктес университеттеріміздегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасып келеді, ал студенттеріміз осы бағдарлама аясында тегін және шәкіртақымен білім алу мүмкіндігіне ие болуда, – дейді Құндыз Боранбайқызы.