С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ұлттық біріңғай тестілеуден өткен оқушыларға сертификаттарды табыстау рәсімі өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Арман Ақышев салтанатты түрде ПМУ қабырғасында Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен оқушыларға сертификаттарды табыстап, үлкен өмірге енді қадам аттағалы тұрған түлектерге сәттілік тіледі. 

– Университеттің Қазақстанның жоғары мектеп саласында өзінің дара тарихы және сүбелі жетістіктері бар. Жылдан жылға біздің студенттер «Болашақ», «Эразмус», «Темпус» және басқа да бағдарламалар бойынша шетелдерде білім алу мүмкіндіктеріне ие болуда. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде студенттер, магистранттар және докторанттар АҚШ, Ұлыбритания, Ресей және Қытай сынды мемлекеттердегі алдыңғы қатарлы университеттерімен оқу, ғылыми және кәсіби тәжірбие алмасып келеді. Бұдан өзге, біздің білім алушыларға әлемдік деңгейдегі профессорлар дәріс оқиды», – деді Арман Айтмұхаметұлы.

Мұнымен қоса, проректор С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басты трендтері және оқытылатын мамандықтар жайлы айтып, түлектердің көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді. 

Кеш барысында қонақжай білім орда қонақтарды студенттік филармония өнерпаздарының өнерлерімен сусындатты.