С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысы ЖОО білім алушылары арасында «Университеттік ІТ – көктем» ІТ идеялардың шығармашылық байқауының финалы өтті.

Биыл алғаш тұсауы кесіліп отырған байқау математика және информатика кафедрасының мұрындық болуымен жүзеге асты.  Доданы ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, байқаудың мақсаты – қоғамның әр саласында компьютерлік бағдарламаларды жобалау мен дайындау сынды міндеттерді шешуде кәсіби біліктілікті қалыптастыру және де инновациялық жобаларды енгізу.  

Іріктелу кезеңінен өтініш білдірген 36 командадан 12 топ оза шапты. С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың финалға қатысқан командалары үздік нәтижеге қол жеткізіп, бірінші және екінші  орындарды иеленді.  Ақпараттық жүйелер мамандығының магистранты Айдана Ирманова «Қоғамдық көліктегі бақылау жүйесі» жұмысымен жеңімпаз атанды. 

Жеңімпаз атанған Айдананың айтуынша, жобаның мақсаты – қоғамдық көліктерде мониторинг жүргізу үшін геоақпараттық жүйенің алгоритимдік және бағдарламалық қамтамасыз етуін құру. 

– Павлодар қаласының автобус, трамвай және маршрутты көліктерінің қозғалысын бейнелейтін ақпаратты арнайы веб-сайтта орналастыруға әбден болады. Осы жоба арқылы қоғамдық көліктердің жүйелі жүруін қамтамасыз ете аламыз, – дейді Айдана Ирманова.  

Сонымен қатар, ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер Тәттімбет Сейфолла мен Абай Оразалин андроид үшін мобильдік қосымшаны әзірлеуге арқау болған жобасымен екінші орын иегері деп танылды. Ал үшінші орын ИНеУ студенті Виктория Медведеваға бұйырды.  

Бұдан өзге, «TKR GROUP» ЖШС ұсынған арнайы сыйды С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті Диас Ануарбеков еншіледі.