Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне жұмыс сапармен Кембридж университетінің археология докторы Миляна Радивоевич келді. Кездесу барысында доктор Радивоевич Павлодар қаласымен және өңірдегі білімнің қара шаңырағымен таныстығы турасында әдемі әңгіме өрбітті.

Милянаның айтуынша, жалпы Қазақстан және Павлодар аймағының жері ерекше геомәдени мұраға бай. Ол бұл аумақтың зерттеу нысаны адамзаттың ежелгі даму кезеңінен бастау алатынын ескеріп, қазақ даласындағы мекен еткен көшпенді тайпалардың металды өндіру және өңдеудің көне әдістеріне қызығушылық білдіруде. 

Сондай-ақ, Миляна С. Торайғыров атындағы ПМУ археологиялық орталықтың және орталық жетекшісі Виктор Мерцтің жұмыстарын ерекше бағалады. Шетелдік ғалымның пікірінше, осындай жоғары білікті мамандар батыстық ғылыми ортада университеттің беделін қалыптастырып және Кемридж сынды беделді университеттердегі әріптестерінің жоғары бағасына ие болуда. 

Доктор Радивоевич профессор Мерцпен бірлесіп ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру жобасын жасауда. Ол бұл жоба арқылы археологиялық жаңалықтар ашып, халықаралық білім кеңістігінде ПМУ-дың жоғары мәртебесінің өсуіне қолдау танытады.