С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Бірлік-Единство.KZ» VI халықаралық жастар форумының мәдениаралық байланыстарды талқылауға арналған ашық пікір-талас алаңы болды.

Шекаралық ынтымақтастықтың форумы көршілес өңірлер арасындағы жастардың мәдени, рухани байланысын орнатуға, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шекаралас өңірлермен достық байланысты дамытуға, өзге ұлттардың  тарихи және мәдени құндылықтарын құрметтеуге шақырды. 

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев «Бірлік-Единство.KZ» көшпелі кубогымен марапатталды.

Форум жұмысына Ресей, Удмуртия, Болгария, Тәжікстан, Қырғызстан  және басқа да мемлекеттердің 150 өкілдері қатысты. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында ұлттық-мәдени ұйымдар өкілдері үшін Қазақстан халықтары әдебиеттері мен этникалық БАҚ көрмелерінің тұсаукесері болды. Қонақтар назарына ұлттық тағам – етті әзірлеу жолдарымен таныстырған шеберлік сынып және қазақ ұлттық киімдерінің сән көрсетілімі ұсынылды. Форум қатысушылары Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ғылыми-сарапшылар тобы мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ, делегаттарға университет ректоры Арын Өрсариев ашық дәріс оқыды.