Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Әлихан Бөкейханның тұлғасы мен қоғамдық-саяси қызметі» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің пікірінше,  жастарымыз Әлихан Бөкейханның өлшеусіз еңбектері мен істерінен зор өнеге, тәлім алары хақ. 

– Қазақтың мәдени қайта өрлеуі мен ұлттық бірегейлігінің идеологиясы, ұраны, туы ретінде Әлихан ұсынған «Алаш» идеясы зор нәтижеге, жеңіске жеткізді. Оксфорд университетінің Орта Азияны зерттеу орталығы 1985 жылы жариялаған зерттеуінде Әлихан бастаған батысшыл Алаш зиялыларының атқарып кеткен қызметіне «мәдени ренессанс», яғни «мәдени төңкеріс» деген биік баға берген еді, – деп түйіндеді ойын Арын Амангелдіұлы.

Конференция жұмысында жиылғандар бірегей тұлғаның сан қырына үңілді, азаматтық, саяси идеяларын зерделеп шықты. Ғалымдар Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметі мен оның ұстанымдарының өзектілігін айтып, қатысушыларды тың деректерге қанық етті.

Сондай-ақ, т.ғ.д., Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан хан Аққұлының айтуынша, Әлихан Бөкейхан тұлғасы әлі терең зерттелген жоқ. 

– Әлихан Бөкейханды тек қазақ қана емес, бүкіл түркі халықтары ұлы тұлға екенін мойындауда. Өйткені, оның еңбектері бүгінге дейін өзектілігінен айырылған емес. Былтыр қараша айында ЮНЕСКО-ның 38-інші сессиясында Әлихан Бөкейхан әлемдік деңгейдегі қайраткер деп танылды, – дейді Сұлтан хан Аққұлы.

Пленарлық отырыста т.ғ.к., ИНЕУ профессоры Мұрат Сүлейменов Ә. Бөкейханның тарихтағы және қазіргі заман шеңберіндегі тұлғалығын кең ауқымда баяндап берді. Т.ғ.д., ПМПИ профессоры Гульфира Өтепова өз сөзінде Әлихан Бөкейханның еңбектерін тарихи дерек ретіндегі маңыздылығына тоқталды. 

Ал т.ғ.д., С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Сәуле Мамытова Қазақстан Республикасы ұлттық құрылысы аясында «Алаш» идеяларының өзектелігі турасында сөз қозғады.  

Конференция жұмысы барысында көпшілік назарына «Қазақтың Әлиханы» атты кітап көрмесі ұсынылды. 

Кеш соңында Сұлтанхан Аққұлұлы С. Торайғыров атындағы ПМУ кітапханасына Әлихан Бөкейханның еңбектеріне өзек болған кітаптарды сыйға тартты.