С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері биыл Ғашықтар мерекесін ерекше тойлады. Көктемнің шуағымен бірге келген «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» мерекесіне орай «Жас Отан» жастар қанатының білім ордадағы бастауыш бөлімшесі «Сезім талын егу» шарасына ұйытқы болды.
Шараның басты мақсаты – университеттің аймағын көгалдандыруға үлес қосу арқылы ұлттық Ғашықтар күнін қолдау.
Ағаш отырғызу рәсіміне арнайы білім орданың құрметті азаматтары және қаламыздың үлгілі жұптары шақырылды. Көгалдандыру үшін арнайы жеміс ағаштары таңдалды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Арман Ақышевтың айтуынша, қаланы таза әрі көрікті ете түсетін бұл игі жұмысқа студенттер көптеп тартылды.
– Қазақтың «Артыңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөзі бар. Бүгінгі отырғызылған әр талдың жемісі келешекте талай ұрпақтарымызға жарап жастса, ғанибет болар. Жақсылыққа, тазалыққа, табиғатты сүюге шақыратын сауапты ісіміз жастарымызға өнеге болатыны анық, – деді арман Айтмұхаметұлы.
Жылда дәстүрлі түрде өтіп тұратын ағаш отырғызу науқаны биыл Ғашықтар мерекесін дәріптеуге арналды. Бұл шара арқылы жастар тек қана махаббаттық сезімді дәріптеп қана қоймай, халықтың мәдени дәстүрлері мен батырлар жырын насихаттауға шақырды.
«Павлодар қаласын көгалдандыру жұмыстарына студент жастарды қатыстыру арқылы жасыл желекті аймақты арттыруды көздедік. С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті ретінде жастар ізгіліктің арқауы болған шараға қатысып, қаланы таза және павлодарлық өскелең ұрпақ үшін экологиялық қауіпсіз ете түсуге өз үлестерін қосты», – дейді «Жас Отан» ЖҚ С. Торайғыров атындағы ПМУ бастауыш бөлімшесінің жетекшісі Айжан Қожабаева.