С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Жылуэнергетика» мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің VІІІ Республикалық пәндік олимпиадасында үшінші жүлделі орныды иеленді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен пәндік олимпиадада жылуэнергетика саласының мамандарын даярлайтын еліміздің 10 жоғары оқу орнынан келген студенттер бақтарын сынады. 

Білім додасына жылуэнергетика кафедрасының аға оқытушысы Майраш Кабдуалиеваның жетекшілігімен қатысқан ТЭ-302 тобының студенті Алия Бояндинова мен ЖЭ-401 тобының студенті Дәуір Зиягиден теориялық терең білімі мен кәсіби білігімен әділ қазылар көзіне түсіп,

С. Торайғыров атындағы ПМУ атын асқақтатты. 

Байқаудың әр кезеңінде ПМУ студенттері үздік нәтижеге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте үшінші орынмен қанжығаларын майлап келді. Сонымен қатар, Алия Бояндинова жеке есепте екінші орынды еншіледі. 

Команда жетекшісі Майраш Кабдуалиеваның айтуынша, олимпиадаға қатысқан студенттер кәсіби дәрежесін бағамдап, білімдерін шыңдап келді. 

– Тартысты білім бәйгесінде студенттеріміз үздік нәтижеге қол жеткізді. Жылутехникалық және жылуэнергетикалық мамандықтары бағытындағы олимпиадалар жастардың ғылыми жетістіктерін, шығармашылық бастамалары мен логикалық қабілеттерін танытуға септігін тигізді, – дейді Майраш Мәжитқызы.