С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қабырғасында жас ғалымдардың, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХVІ Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Конференцияның салтанатты ашылуы С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Естелік аллеясында орнатылған Қаныш Сәтбаев мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Арын Өрсариев өз сөзінде бүгінгі конференцияға қатысып отырған әрбір жас жеткеншек өзінің алғашқы ғылыми ізденісін біздің обылысымыздағы ғылымның қара шаңырағы болып табылатын С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің табалдырығынан бастауы университет үшін үлкен мәртебе екенін айтып өтті. 

– Қазақ елінің келешегі білімді, білгір  жастар, Сіздердің қолдарыңызда! Бүгінгі жазған әрбір ғылыми мақалаларыңыз ертең үлкен салиқалы ғылыми еңбекке айналатына кәміл сенемін, – деп зор үміт білдірді жастарға университет басшысы. 

ХVІ Сәтбаев оқулары халықаралық ғылыми конференциясының жинағына жариялану мақсатында Қазақстаннның түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден 1877 ғылыми мақалалар келіп түсті. Конференцияға жіберілген  ғылыми мақалалар 27 том жинақта басылып шықты.

Конференцияның секциялық  жұмысы 16 бағыт бойынша өтті. Биылғы конференцияның алғашқы секциясы Академик Қ. Сәтбаев және оның білім беру мен ғылымдағы рөліне арқау болса, басқа секциялық мәжілістер филология, тарих, өлкетану, философия, саясаттану, математика, информатика, журналистика, экономика, медицина, ауыл шаруашылығы, мәдениеттану, педагогика, т.б. бағытарындағы зерттеулерге арналған.  

Конференцияға келген жас ғалымдардың көбісі халықаралық дәрежедегі ғылыми шараға алғаш рет қатысып отыр. Жалпы, жылдар бойы конференция жұмысы жас қатысушылардың ғылыми өсуі үрдісін көтеруде, бұл шара ғылым саласындағы жетістіктерді одан әрі дамытудың алаңы болып табылады. Конференцияның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні, жас ғалымдардың ғылымның әртүрлі салаларына қызығушылық танытуына және олардың ғылыми тәжірибе алмасу арқылы рухани өсуіне жол ашуда маңызы зор.