С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Ташкент қаласында (Өзбекстан) өткен классикалық пауэрлифтинг және зілтемірді жатып сығымдау бойынша Азия және Океания чемпионатынан жүлделі оралды.

Бұл сайыста Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Сингапур, Қырығзстан, Индонезия, Араб әмірлігі, Түркменстан, Ауғанстан сынды Азия құрлығы мемлекеттерінен 500 спортшы баптары мен бақтарын сынады. 

Павлодар мемлекеттік университеті металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенті, пауэрлифтинг бойынша спорт шебері Ернұр Хайлямов 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 497,5 келені бағындырып, бірінші орынды еншіледі. Жас спортшы халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағына қол жеткізіп, көздеген мұратына жетті. 

– Бұл жеңіс – есепсіз еңбектің, маңдай тердің жемісі. Сондай-ақ,  бұл жеңіс алдағы уақытта да үздік болуыма үлкен жауапкершілік артты. Сондықтан жаттығу кезінде  әлсіздік танытуға болмайды, – дейді Ернұр. 

Бұдан өзге, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің бірінші курс студенті Алия Төлегенова зілтемірді  классикалық жатып сығымдау бойынша Қазақстан Республикасы құрамасының қоржынын күміс жүлдемен толықтырды.