С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде белгілі математик ғалым, профессор Ғалым Ахметов атындағы шәкіртақы иегері анықталды.
Ғалым Ахметовтың 50 жылдық кәсіби ғұмыры жоғары білім беру жүйесіне арналды. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аяқтап, КСРО Ғылым академиясының есептеу орталығындағы диссертациялық қорғауынан кейін даярлық бөлімнің меңгерушісі, «Жоғары математика» кафедрасының меңгерушісі, С. Торайғыров атындағы ПМУ физика-математикалық білім берудің ОҒТК директоры және басқа да жетекші қызметтерде қызмет атқарды. Оның 80 ғылыми мақалалары жарияланды, 20 оқу әдістемелері мен 1 монографиясы бар. Сонымен қатар, ғалымның еңбектері құрмет грамоталары мен медальдармен бағаланды.
Ғалым Ахметов атындағы шәкіртақы студенттердің білім, ғылым және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында профессордың отбасымен (жұбайы – Валентина Ахметова, қызы – Гауһар Ахметова, күйеу баласы – Талғат Каримов) тағайындалды.
Атаулы шәкіртақыға Павлодар мемлекеттік университетінің физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінде күндізгі бөлімде білім алып жүрген үздік студенттері ие болады. Шәкіртақы таласына академиялық үлгерім көрсеткіші жоғары, университеттің қоғамдық жұмыстарына атсалысатын, ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді атқаратын, студенттер мен оқытушылар арасында беделі бар студенттер қатыса алады. Сондай-ақ, шәкіртақы байқау негізінде беріледі және жалпы бекітілген шәкіртақылардан бөлек төленетін болады.
Бұл айтулы шәкіртақы Ғалым Ахметовтың физика-математикаға сіңірген еңбегін ары қарай жетілдіру үшін ғалым отбасымен үздік студентке беріліп отыр. Оның алғашқы иегері болып «Математика» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-інші курс студенті Жеңіс Дастан атанды. Ол академиялық үлгерімі жоғары әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарына атсалысып, ғылыми конференцияларға белсенді қатысып жүрген үздік студент.
Әкем адамдармен араласудан бақытқа кенелетін, сондай-ақ олардың ірілі-ұсақты, маңызды мәселелерін шешуге әрдайым дайын жүруші еді, – дейді Ғалым Бейсенұлының қызы, С. Торайғыров атындағы ПМУ академиялық жұмыс жөніндегі проректор, филос.ғ.к. Гауһар Ахметова.
– Оның қиын, әдемі де ғибратты өмірінің қағидасы – «Адам бол, өзіңді жең». «Өзіңнің жалқаулығыңды, білімсіздігіңді жең, және де адамдарды бағала, құрметте, олар үшін өсудің жаңа мүмкіндіктерін аш», – дейтін әкем.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлыбек Испуловтың айтуынша, шәкіртақы үздік студенттерді ынталандырып, олардың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол салады.
– Біздің С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессорларының атына шәкіртақы алғаш тағайындалып отыр. Мұндай игі дәстүр физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінен бастау алғаны бізді қуантады. Бұл шәкіртақы көп студенттердің білімдегі ізденулеріне, ғылымдағы табыстары мен шығармашылықтарына шабыт сыйлайтынына сенемін, – деді Нұрлыбек Айдарғалиұлы.