С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің ГжТ кафедрасының аға оқытушысы Гүлмаржан Қасенова «Ұлағатты ұстаз» атты ІІІ республикалық мұғалімдер байқауында жеңімпаз атанды.
«Қазақстан көлігі» пәні бойынша сабағының инновациялық моделі үшін Гүлмаржан Қасенова бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Әділқазылар алқасы сайысқа ұсынылған жұмыстардың құрылымдық ерекшелігін және авторлық стилін ескерді.
География және туризм кафедрасының аға оқытушысы Гүлмаржан Қасенованың айтуынша, қазіргі қалыптасқан жағдайда білім берудің басты міндеті – заманауи ақпараттық білім беру технологияларын қолдану. «Жоғары оқу орындарында білім беру үрдісінде қазіргі талаптарға сай, білімді де білікті маман даярлауды мақсат етіп қою керек. «География» мамандығына оқып жатқан студенттер үшін жобалық оқыту технологиясы болашақ мамандарға география саласы бойынша білім мен мәдениетті қалыптастырудағы ең үздік технология болып табылады», – дейді Гүлмаржан Қарыбайқызы.
Гүлмаржан Қасенова байқау барысында «География» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттері мысалында жобалық оқытудың технологиясын өте сәтті ұсынды. Бұл әдістеме болашақ мамандарға гографиялық мәдениет, кәсіби біліктілік пен білімін ұштайтауға жол ашады. Ал оқытушының міндеті – студентті тұлғалық-мотивациялық істерге кірістіру, оның танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қабілетінің қалыптасып дамуын қамтамасыз ету.
Астана қаласында ««ZIAT» Ғылыми–әдістемелік орталығының» ұйымдасытырумен өткен бұл байқауға республикамыздың әр облысынан ұстаздар қатысты. Аталмыш сайыс оқытушыларға облыстан шықпай-ақ, республикалық масштабта қашықтықтан әріптестерімен сайысуға, тәжірибе алмасуға, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.