С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Тірегі сендер елімнің» атты Республикалық студенттік фестивалі шеңберінде өткен Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті – Елбасы Қорының ұйымдастыруымен «Жастолқын» республикалық студенттік олимпиадада бірінші орынды иеленіп, қанжығалары майлы қайтты.
Олимпиада студенттердің өнерге деген құштарлықтарын дамытып, қабілет-қарымын жан-жақты ұштау мақсатына бағытталды.
С. Торайгыров атындағы ПМУ намысын а-ш.ғ.к., доцент, Агротехнологиялық факультеті деканының орынбасары Жастілек Уахитов басқарған «Дүлділдер» студенттер командасы қорғады.
Олимпиадада Қазақстанның жоғары оқу орындарынан 11 команда бақтарын сынады: Білім бәйгесіне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Т. Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ – Орыс Халықаралық университеті, Каспий университеті, С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері қатысты.
Олимпиада кезінде студенттер бірнеше сайыстарға қатысты. Бірінші тур – іріктеу кезеңі болды. Екінші турда қатысушылар «Студенттік өмір» атты бейнероликтің тұсаукесерін ұсынып, «Болон үдерісі деңгейінде білім мен ғылымның қалыптасуы: қолдаймын және қарсымын» атты шешендік сөз өнеріне негізделеген байқауда бақтарын сынады. Сондай-ақ олимпиаданың осы кезеңінде «Миллионға идея» инновациялық жобасының тұсау кесері мен базалық міндетті пәндер бойынша команда мүшелерінің теорялық білімі сынға алынды. Үшінші кезеңде тақырып бойынша командалық байқау өтті.
Топ жетекшісі Жастілек Уахитов шәкірттерінің жетістіктеріне дән риза екенін жеткізді. «С. Торайғыров атындағы ПМУ командасы қатаң бәсекелестіктен кейін финалға шығып, нәтижесінде бірінші орынға ие болды. Студенттер бұл білім додасынан мол тәжірибе алып, келесі олимпиадаларға қатысуға дайын. Мұнымен қоса студенттеріміз ой-өрістерін дамытып, кәсіби біліктіліктерін шыңдап келді деуге әбден болады», – деді Жастілек Жұмабайұлы.