«Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламалары аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары мен оқытушылары Шымкент, Тараз қалалары мен Жамбыл облысының Луговой және Мерке ауылдары мектептерінің түлектерімен кездесті.
2014 жылдан бастап республикадағы кадрлары тапшы облыстарды мамандармен толықтыру үшін Қазақстанда «Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламалары бастау алып, аталмыш бағдарламалар аясында арнайы гранттар бөлініп жатыр.
2015 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті осы бағдарламаларды жүзеге асыруға қатысатын ЖОО ретінде бекітілді. Университетке «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқыту үшін 2015 жылға 200 грант бөлінді.
Бағдарлама мақсаты – білім беру кеңістігін кеңейтіп, республиканың орталық және солтүстік аймақтарын толықтай қамтып, оңтүстік аймақтарындағы сұранысқа жоғары мамандық алғысы келетін жастарды кеңінен тарту.
Аталған мемлекеттік бағдарламаны түсіндіру мақсатында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстары мен инновациялар жөніндегі проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы т.ғ.д., профессор Нұргүл Смайлова, сәулет-құрылыс факультеті деканының орынбасары п.ғ.к. Жанна Темірбаева Тараз қалалары мен Жамбыл облысының Луговой және Мерке ауылдары мектептерінің түлектерімен кездесті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары талапкерлерге университетіміздегі мамандықтар, жетістіктер мен ондағы оқудың басымдықтары жайлы айтып берді.
Н.Смайлованың айтуынша, алдағы уақытта Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары мектептерінің түлектерімен кездесу жоспарланып отыр.
– «Серпін – 2050» жаңа білім беру бағдарламасы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге және мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Нұргүл Смайлова. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап арнайы квота бойынша білім алу үшін біздің университетімізге оңтүстік аймақтардан студенттер келетін болады. Бағдарламада студенттерге медициналық қызмет көрсету, жолақысы және жұмыспен қамтылуы қарастырылған.
Бұл бағдарлама былтырғы жылы педагогикалық мамандықтар бойынша жүзеге асты. Биылғы жылы бағдарламаның бағыттары кеңейіп, инженерлік-техникалық, ауылшаруашылық және ветеринария мамандықтарымен толықты.
«Серпін» бағдарламасы аясындағы грант негізінде оқуға түскен талапкерлерге жатақханадан бөлме беріледі және оқу бітірген соң жұмысқа түсуіне көмек көрсетіледі.