С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде көптілді білім беру мәселелеріне арқау болған «Әлем. Адам. Тіл» атты халықаралық лингвистикалық семинар өтті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ бойынша секция жұмыстарын ұйымдастырушысы – Қазақ тілін жеделдетіп оқыту және көп тілді білім беру оқу-ғылыми практикалық орталығы.
Семинар «Қазіргі тіл білімі теориясы және лингвистикалық бағыттар» және «Қазақ тілі және шет ел тілдерді оқытудың лингводидактикалық аспектілері» деген тақырыптар бойынша секциялық жұмыс атқарылды.
Семинар жұмысында Донецк ұлттық университеті, Санкт-Петербург әскери институты, Кемеров мемлекеттік университеті, Волгоград мемлекеттік университеті, Удмурт мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары тіл білімі теориясы мен лингвистикалық бағыттар жөніндегі мәселелерді талқылады.
Павлодар мемлекеттік университеті бойынша секция жұмыстарын ұйымдастырушылар: п.ғ.к., Қазақ тілін жеделдетіп оқыту және көп тілді білім беру оқу-ғылыми практикалық орталығының директоры Жанарсын Капенова, модераторлар – ф.ғ.к., «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Гүлназ Каріпжанова, ф.ғ.к., профессор, «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулина.
Семинар жұмысына ғалым-лингвистер, Павлодар қаласы мен Павлодар облысының мектеп мұғалімдері шақырылды.
Қазіргі таңдағы тіл ғылымының басты мақсаты – тілдік құбылыстардың сырын тану жолында күрделі де кешенді үрдісті дамыту. Өйткені ұлттық мәдениет, болмыс, таным, дін сиқты ұғымдарды тоғыстыратын ұлттық тілдің табиғатын тілдің өзінің ішкі заңдылықтары негізінде ғана танып білу жеткіліксіз. Бүкіл рухани қазынаны жинақтап, сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой-танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл білімінде өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану ғылымдарының пайда болуына негіз болды.
«Қазіргі тіл білімінде осы бағыттағы зерттеулер кешенді сипатта антропоцентристік бағытта және когнитивтік лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының негізінде жүргізілуде. Өйткені тілді зерттеудің когнитивтік жүйесі «дүниені тіл әлемінде тану» қағидасына сай бағытта жүргізілуі – тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі», – деп өз ойын түйіндеді Гүлназ Каріпжанова.
Руфина Торпищеваның фотосы