С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Биотехнология», «География» және «Қазақ филологиясы» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы республикалық пәндік олимпиададан жеңіспен оралды.
Олимпиадаға Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарынан келген 13 команда қатысты. Білім додасында қатысушылар теориялық және тәжірибелік екі кезең бойынша сайысқа түсті. Бірінші кезеңде студенттер тест тапсырмалары мен биохимия, генетика, жануарлар және өсімдік биотехнологиясы пәндері бойынша есептер шығарды. Қатысушылар екінші өткелде микроағзалардың биотехнологиясы және биохимия бойынша зертханалық тапсырмалар бойынша бақтарын сынады.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын бұл сайыста агротехнологиялық факультеттің студенттері Виктория Даева, Анастасия Джиоева және Дамир Теміров қорғады. Екінші тур бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды.
Б.ғ.к., биотехнология кафедрасының профессоры Жанна Адамжанованың мәлімдеуінше, олимпиадаға қатысқан бұл студенттер – Павлодар мемлекеттік университетінің атынан бірқатар додаларға қатысып жүрген оқуда үздік, озық ойлы студенттер. «Біздің студенттер бірінші орынды қанжығасына байлап келмесе де өздерінің шығармашылық қабілеттерін ұштады, білімдерін өсірді, әсіресе, ғылымға деген құлшыныстары арта түсті», – дейді Жанна Арынтайқызы.
Болашақ географтар Қуаныш Жақсылықов, Дияс Ораз және Сабина Абдрахманова да үшінші орынға ие болып жоғары жетістіктермен оралды.
«География» мамандығы бойынша олимпиадада п.ғ.к., қауымдастырылған профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ гография және туризм кафедрасының меңгерушісі Динара Есімованың жетекшілігімен қатысқан студенттік команда Баянауыл мысалындағы қосымша электр қуатын қолдану турасындағы жобаларын ұсынды.
Команда мүшесі Қуаныш Жақсылықовтың айтуынша, сайыстың әр кезеңінен өту барысында мол теоретикалық білім қола жүлдеге қол жеткізуге бірден бір себепші болған. «Жұмысқа орналасқан кезде бізге не істеуміз керектігін ешкім айтып тұрмайды, өзіміз шешім қабылдауға дайын болуымыз керек. Осы орайда олипиададан алған тәжірибеміздің пайда тиетіні сөзсіз», – дейді ол.
«Биылғы жылғы жарыс ерекше, бірегей тапсырмалардың болғанымен ерекшеленді. Студенттеріміз де тапсырмаларды орындау мен жобаларды дайындау барысында барлық мүмкіндіктерін зерттеу жұмысына жұмсады. Олар жұмыстарын қызығушылықпен әрі жауапкершілікеп қарады», – дейді Динара Дәуітқызы.
Жүлделер қоржынын С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті гуманитарлық-педагогикалық факультетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филол. ғ.д., Нартай Жүсіпов дайындаған студенттері командасы толықтырды. Олар Алтынай Сарсекеева, Ақмарал Елшин, Қасымхан Мухитов үшінші орынды қанжығасына байлап оралды.