2015 жылдың 30 наурыз күні Павлодар қаласының зиялылары белгілі ғалым және өнегелі ұстаз Әбілхан Қарақаевтың мерейтойын атап өтті.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, білім беру ісінің құрметті қызметкері, Әбілхан Қосмұрзаұлы биыл 75 жылдық мерейтойын тойлады.
Мерейтой иесіне Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтың атынан ғалымның көпжылдық еңбегін, қоғамдық белсенділігі және жоғары кәсібилігінің арқасында қазақстандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосып келгенін ерекше бағаланған алғыс хат табыс етілді.
С.Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а., с.ғ.д., профессор Арман Ақышев өзінің құттықтау сөзінде: «Әбілхан Қосмұрзаұлы еңбексүйгіштігімен, ғылымға деген адалдығымен қазақстандық ғылымның дамуына өлшеусіз еңбек етіп келеді. Сондай-ақ Павлодар мемлекеттік университетінің ірі білім және ғылым ордасы болуына да атсалысып жүрген дарынды ғалым», – деді.
С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Әбілхан Қарақаев 2014 жылы республикалық «Инновациялық форсаж» инновациялық бизнес-жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Әбілхан Қарақаевтың жасаған жобасының зерттеу нысаны – іштен тұтанатын қозғалтқыштар және жылу қозғалтқыштары. Ғалым ағаның техника саласында ашқан жаңалықтары үлкен сұранысқа ие болып, оны облыс, республика бойынша тәжірибеге енгізілген. Сонымен қатар Ресей, Германия елдерінде ғалым өнертабысын жария етті.
Әбілхан Қосмұрзаұлы 1000-ға жуық ғылыми, оқу-әдістемелік және басқа да басылым жұмыстарының, 3 монографияның, 20 оқу әдістемесінің авторы. Сондай-ақ, ғалым 90 авторлық куәліктердің және КСРО, РФ және ҚР инновациялық патенттерінің иегері.
Бүгінгі күнде С.Торайғыров атындағы ПМУ дренажсыз форсункалы отын жүйелері саласында жобаларды қорғау бойынша әлемде алдынғы қатарда келеді. Осының бәрі профессор Әбілхан Қарақаевтың еңбегінің жемісі.
Руфина Торпищеваның фотосы