С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттер үйінде «Таланттар сайысы – 2014» байқауы өтті.
Аталмыш өнер сайысына С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік кеңесі мұрындық болды.
Байқау студенттер арасынан талантты жастарды іріктеуді, өнерлі жастардың өнерін шыңдауды, студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат тұтты.
Өнер мерекесін Павлодар мемлекеттік университетінің студенттер үйінің басшысы Бүркітбай Әлкенов ашты.
– Павлодар мемлекеттік университетінің дарынды студенттері осы сынды таланттылар сайыстарынан өріс алып, өзара бәсекелесіп, республикалық байқауларға қатысуға шабыттансын. Дарынды жас жеткіншектеріміз бүгінгі байқаудан қанаттансын, - деп дарынды студенттерге сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін арнады Бүріктбай Зейкенұлы.
«Таланттар сайысы – 2014» байқауы екі номинация бойынша өтті. Қатысушылар бірінші «Ән» номинациясы сайысында ән өнерінен бақ сынады. Сондай-ақ, байқаудың «Би» номинациясында дарынды студенттер би өнерінен жарысты.
Ән сайысында өнерпаздар патриоттық ән және таңдауына түскен ән айтып, жиылғандардың көңілінен шықты. Ал би жарыста сайыскерлер ұлттық би мен таңдауына түскен биді билеп, мың бұралған билерімен көпшіліктің көзайымына айналды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша ән сайыста бас жүлдені Адай Мерхат және Жаримбетова Айжан жеңіп алды. Бірінші орынды қанжығасына байлаған Абдуллаев Абзал және Шарипова Ажар. Ал екінші орынға Көкеш Жадыра және Белғожанова Динара ие болды. «Foundation» факультетінде білім алушылар Абай Еркетай мен Тұрсынәлі Саянұр үшінші орыннан көрінді.
Би жарыста бас жүлде «JuSem» би тобына бұйырды. Бірінші орынды Наурызхан Жансая иеленсе, ал екінші орынға «Құлагер» би тобы ие болды.