С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен фото көрме өтті.
Фото көрменің өтуіндегі мақсаты студенттік жастар арасында тіл мәдениетінің артуы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ фойесінде ұйымдастырылған көрмеге «Қазақша сөйлейік» жобасы шеңберінде өткен «Таза тіл» науқанының нәтижесінде іріктеліп алынған фото суреттер қойылды.
«Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Жұлдыз Ыбытаева жиылған студенттерге фото көрменің жастарды тәрбиелеуде алатын орыны мен маңыздылығына тоқталып өтті. «Жастарды өз тілдерімен тәрбиелеген жемісті болады. Ал фото тілі жастардың жанына жақын келеді. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін өсіруді, қазақи мәдениетті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны насихаттау үшін фотоны таңдап алдық», - деді Жұлдыз Қасенқызы.
Сонымен қоса, «Жас Отан» ЖҚ белсенділері жиылғандар алдында өз өнерлерін көрсетті. Диас Әкімжанов футболды фристайл өнерімен жастарды тәнті етсе, Мақыш Нұржан «Жаса қазақ тілім» әнімен көпшілік көзайымына айналды. Ал Абдрахман Бәкеннің орындауындағы әуезді ән тыңдармандардың талғамынан шықты.
«Жасотандықтар үшін Отанымыздың болашағы, тағдыры маңызды. Ал тіл кез келген елдің іргесі екенін ескеріп, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері ретінде мемлекеттік тілде дұрыс сөйлесіп, ана тілімізде қатесіз хабар беруге міндеттіміз. Осындай ауыр міндетті арқалаған көрменің нәтижесі табысты болады әрі жастарға әсер етер деп ойлаймын», - деп мәлімдеді С.Торайғыров атындағы ПМУ «Жас Отан» ЖҚ алғашқы бөлімшесінің атқарушы хатшысы Кәусар Жомартова.