С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Қыз Жібек» қыздар клубының белсенділері республикалық жоғары оқу орындарындағы «Қыз Жібек» қыздар клубының филиалдары арасындағы «Қыз – ұлттың қазынасы» атты республикалық телекөпір жұмысына қатысты.
Онлайн-конференцияға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Қыз Жібек» клубтарының мүшелері мен белсенділері қатысты.
Аталмыш телекөпір еліміздегі ЖОО-дағы «Қыз Жібек» қыздар клубы филиалдарының жұмысымен танысу, ортақ мақсат-міндеттерге сай өзара пікір алмасу, өзара тәжірибе алмасуды мақсат тұтты.
«Қыз – ұлттың қазынасы» атты телекөпір Қазақ педагогикалық қыздар университетінің 70 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында өтіп жатқан шаралардың бірі. Онлайн-конференцияның өтуіне ҚазМҚПУ ұйытқы болып отыр. Былтыр ҚР Дін істері агенттігінің бастамасымен ҚазМҚПУ базасында қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеуді мақсат еткен «Қыз Жібек» қыздар клубы ашылған болатын. Кейіннен қыздар клубтары басқа да Қазақстанның жоғары оқу орындарында құрылып, жалғасын тапты.
Конференция жұмысы барысында Алматы, Павлодар, Көкшетау, Атырау, Қызылорда мемлкеттік университеттерінің «Қыз Жібек» клубтарының бір жыл бойғы жетістіктері мен табыстары, атқарған игі еңбектерінің нәтижелері сараланып, баға берілді, болашаққа жоспарлар жария етіліп, мақсаттар айқындалды.
«С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қыз Жібек» клубы 2013 жылдың 16 қыркүйек күні қыздарға алғаш есігін ашты. «Қыз Жібек» клубы танымдылық, ғылыми-білімдік, қоғамдық бағыттарда қоғамға пайдасы зор талай ізгі істердің басын қайырды. Клуб танымдық бағытта қыздарымыздың салт-дәстүр, тіл, дін, ұлттық киім, ас-мәзірі сынды құндылықтарымызды танытатын іс-шараларды ұйымдастырды. Осы тұста студенттердің діни сауаттылығын арттыруға бағытталған «Білім +» жобасы бойынша белсенді жұмыстар жасалды. Дәстүрлі дініміздің насихатталуы, қыздарымыздың хиджаб кию мәселесі мен бұрыс ағымдар туралы ақпарат бертін семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Ал тәрбие бағыты бойынша қыздарымыздың салауатты өмір сүру салтын ұстануы, гендерлік саясат, болашақ ана денсаулығының маңыздылығы мен қыз тәрбиесіне қатысты дәрістер мен кездесулер өткізуге мұрындық болдық. Қоғамдық және БАҚ бағыты бойынша біздің белсенділер теле-радио бағдарламаларға қатысып, жас қыздарымызға келелі кеңестерінен аянып қалмады. Сондай-ақ, клуб мүшелері тастанды балаларға барып, қарттар үйіндегі жалғыз басты қарияларымызға да қамқорлық танытты», - деп бір жыл бойғы клуб жұмысымен клуб төрайымы, Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина таныстырды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ Студенттік филармонияны басшысы, клубтың үйлестірушісі Айнұр Азимханқызы клубтың бір жылдық туған күнімен клуб мүшелерін құттықтап, жиылғанға жүрекжарды лебізін арнады.