2014 жылдың 28 мамыр күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жоғары оқу орны басшылығы және профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттардың қатысуымен Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес отырысының басты талқыға салынған тақырыбы – еуразиялық ықпалдастықтың мәселелері.
Еуразиялық ықпалдастық идеясының жолы осыдан 20 жыл бұрын бастау алған болатын. М.Ломоносов атындағы ММУ қабырғасында, 1994 жылдың наурызында, Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық одақ туралы ұсынысын алғаш жариялаған еді. Бұл дәріс – біздің Ұлт Көшбасшымыздың тарихи және саяси жеңісі еді. Өйткені, социалистік жүйенің күйреп, жаңа тәуелсіз елдердің қалыптасу кезінде, кеңестік кеңістіктегі халықтар үшін ортақ қиын сәттерде туған Елбасының еуразиялық одақ турасындағы идеялары уақыт өте келе өткірлігі мен өміршеңдігін көрсетті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев Ғылыми кеңес жұмысын аша отырып, Павлодар мемлекеттік университеті мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сәйкес, көптеген жылдар бойы қазақстандық-ресейлік ғылыми-білім кеңістігінің ықпалдастығын нығайту мақсатында Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен байланыста екенін ескеріп кетті. «С.Торайғыров атындағы ПМУ ұжымы Мемлекет басшысының еуразиялық ықпалдастық идеясын ерекше шабытпен қабылдады. Сондай-ақ, біздің ғалымдар мен оқытушылар Елбасының ұлы ойларына өмір сыйлауға, өркендеген, қуатты Қазақстан болу жолында бар күші мен білімін сарп етеді», - деп мәлімдеді Серік Мәуленұлы.
Отырыс барысында «Әлеуметтану және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.к., доцент Илдар Қалиев бұрынғы кеңестік мемлекеттердің экономикалық дамуына қозғаушы күш болған Еуразиялық экономикалық одақ турасындағы баяндамасын ұсынды. Мұнымен қоса, Қаржы-экономика факультетінің деканы, т.ғ.к., профессор Тахир Ерназаров Қазақстан, Ресей және Белоруссия ықпалдастығының эволюциялық дамуының нәтижесі туралы әңгімелеп берді.
Жалпы, Ғылыми кеңес отырысының қатысушылары бірқатар көтерілген мәселелерге орай бір ауыздан ой түйді: жаңа дәуірдің жағдайына қарай ғаламдағы экологиялық үйлесімсіздіктің уақыт өткен сайын ұлғаюы; жергілікті және аймақтық әлеуметтік, саяси, этносаралық, конфессияарлық мәселелерді шешуге әртүрлі жаһандық қауіпке төтеп беру қабілетін қамтамасыз ете алатын еуразиялық кеңістіктегі ғалымдардың бірлескен жобалары мен идеялары себеп бола алады.