С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Сәулет-құрылыс факультеті күні өтті.
Факультет құрамы: «Өнеркәсіптік, азаматтық және көлік құрылысы», «Архитектура және дизайн», «Құрылыс материалдарын өндіру және стандарттау», «Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау» кафедралары. Факультетте 40-қа жуық ғылым докторлары мен кандидаттары қызмет етеді. Ал факультетті т.ғ.д., профессор Марат Кудерин басқарады.
Бүгінде факультет ғалымдары таяу және алыс шетелдердегі жоғары оқу орындарымен мәселен, Париж техникалық университеті, Одесса сәулет-құрылыс академиясы, Ташкент көлік жолы институты және Сібір көлік жолы институты ғалымдарымен ғылыми байланысын нығайтып келеді.
Сәулет-құрылыс факультеті ұжымы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды атқару үшін өңіріміздегі құрылыс саласындағы кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олар: «Иртыштрансстрой» ассоциациясы, «Генстрой» ЖШС, «Атамұра» ЖШС, «АСИ» ЖШС, «Жәрдем» ЖШС.
Мерекенің салтанатты бөлімінде т.ғ.к., доцент, «Құрылыс материалдарын өндіру және стандарттау» кафедрасының меңгерушісі Виктор Станевич, т.ғ.к., доцент, профессор, «Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының меңгерушісі Қапар Арынғазин, т.ғ.к., доцент, «Архитектура және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Леонид Булыга, т.ғ.к., профессор Мақсұт Шынтеміров, т.ғ.к., профессор Валерий Козионов, т.ғ.к., профессор Василий Данилов факультет студенттері мен магистранттарын, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерді құттықтады.
Мерекенің құрметті қонақтары ретінде Швецияның Лунд университетінің «Суды өңдеу технологиясы» кафедрасының профессоры Ронни Берндтссон, «Иртыштрансстрой» ассоциациясының жетекшісі Михаил Зыков, «Талапкер» ЖШС-ның басшысы Қадыр Ералинов қатысты. «Сәулет-құрылыс факультеті – заманауи дәуір сарынымен жаңа форматтағы мамандарды даярлайтын орталық. Сіздердің факультеттен ұшып шыққан жас мамандар өздерінің жоғары кәсіби біліктілігімен, мамандығына деген адалдығымен, өз ісіне деген жауапкершілігімен ерекшеленеді», - деп айтты өз сөзінде «Иртыштрансстрой» ассоциациясының жетекшісі Михаил Зыков.
Факультет студенттері Айдана Әбуқасен,Тұнғат Қазтаев, Жасұлан Оңғаров факультеттің дамуы мен қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.