2014 жылдың 18 сәуір күні Астана қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХІ сессиясы жұмысына С.Торайғыров ат. ПМУ өкілдері қатысты.
Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХХІ сессиясына еліміздің әр өңірінен көптеген ұлт өкілдері жиналды. Ал, құрамында 18 қатысушыдан тұратын Павлодар облысы өкілдігінің басында С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан халықтары Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Г.К. Жапекова болды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбын арқау еткен ХХІ сессия жұмысына қатысушылар алдында ҚР Президенті, Қазақстан халықтары Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаев былай деп мәлімдеді: «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде небір тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңару жолына түскен Қазақстан бүкіләлемдік қауымдастықтағы өз орны, өз беделі бар абыройлы мемлекетке айналды. Дүниенің төрт бұрышында ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біздің осындай береке-бірлігіміз өзге елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсынылып, әлемдік дін лидерлерінің екі бірдей съезі қазақ жерінде өтті. Күні кеше ғана дүниенің төрт бұрышына бірдей айқара құшақ ашқан бүгінгі Қазақстанның символындай болған дәл осы сәулетті ғимаратта бас қосқан ислам, христиандық, яһуди, будда және басқа дін өкілдері біз ұстанған осы саясатты ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің әлемдегі ең үздік моделі ретінде бағалап, Қазақстанды дүние жүзіндегі бейбітшілік пен келісім аймағы деп жариялады. Туған Отанымыздың бүкіл әлем алдындағы тұғырын биіктетіп, туын желбіреткен осы тұрақтылыққа Қазақстан халықтары Ассамблеясының қосқан үлесі аса зор. Сол үшін осы биік мінбеден баршаларыңызға зор алғысымды білдіремін».
Осылайша жер жаһанда бейбітшілік сүйгіштігі мен ұлт пен ұлыстар арасындағы келісімнің шынайы үлгісімен танымал болған Отанымыздың шаңырағы биік, керегесі берік болуда. Баға жетпес байлыққа баланған ұлттар арасындағы достық пен бірлікке, келісім мен ынтымаққа Қазақ жерінде өмір сүретін барша халықтардың арқасында қол жеткізгенімізді мойындауымыз керек.
Павлодар мемлекеттік университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісінің айтуынша, Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген өз сөзінде ел келешегінің нығаюына деген сенім ұялатып, Ассамблея қызметінің нақты қадамдарын айқындап берді.